Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров сән-салтанат салығын енгізуге қатысты заң жобасы 2023 жылы талқыланатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер министрден сән-салтанат салығына қатысты заңды қабылдау қай мерзімге жоспарланып отырғанын сұрады.
«Келесі жылы Салық кодексі бойынша негізгі жұмыстар атқарылады. Әсіресе, бірінші жартыжылдықта талқылап, ортақ шешімге келеміз. Біздің жоспарымызға сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Егер қосымша уақыт керек болса, біз оны қарастырамыз», — деді Ә. Қуантыров.
Сонымен қатар ол бір адамның атына тіркелген жылжымайтын мүлік саны көп болса, осы орайда қосымша салық енгізу мәселесі талқыланып жатқанын айтты.
«Бұл тұрғыда салық салудың түрлі нұсқасы пысықталып отыр. Әрине, бұл салық мүмкіндігі бар ауқатты адамдарға қатысты болады. Атап айтқанда, тиісті заң жобасы 2023 жылдың күзінде Парламент қарауына енгізіледі деген жоспар бар», — деді ведомство басшысы.
Осыған дейін министр сән-салтанат салығы жеке яхта, жеке ұшақ сияқты дүниелерге салынатынын, яғни ірі сомаға мүлік сатып алғандарға қатысты екенін түсіндірген еді.
Айта кетейік, биыл қыркүйек айындағы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды енгізу керек екенін айтты.
«Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады», — деді Президент.