Президенттің Өзбекстанға жасаған екі күндік мемлекеттік сапары аяқталды, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз хатшысы.
Бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі бекем етуге тың серпін берді десек, артық емес. Себебі сапар аясында жалпы 17 құжатқа қол қойылды. Соның екеуі тарихи маңызы бар құжат деуге болады.
Олар – Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шарт және Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан – Өзбекстан мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шарт.
Басқаша айтса, екі бауырлас ел шекара мәселесін толықтай шешуге өте жақын және одақтастық қарым-қатынас деңгейіне көшті. Әрине, бұл қос құжат Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланысты жаңа сапалы деңгейге көтереді.
Сондай-ақ осы сапар аясында екі мемлекеттің қатысуымен бірлескен кәсіпорындар ашылатыны белгілі болды. Мысалы, Қостанайда Chevrolet Оnix көлігін, ал Саран қаласында тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорындар іске қосылады.
Ал Өзбекстанның Науаи облысында «Қазфосфаттың» қаржыландыруымен минералды тыңайтқыштар өндіретін жоба басталмақ. Жобаның құны — 1,3 млрд доллар.
Жалпы, сапар қорытындысы бойынша құны 8 миллиард доллардан асатын инвестициялық келісімдер мен екіжақты құжаттарға қол қойылды.
Сонымен қатар Дарбаза – Мақтаарал темір жол құрылысын тезірек аяқтау үшін күш салуға уағдаласты. Бұл Сырдария стансасына шығуға мүмкіндік береді. Аталған бағыт «Сарыағаш» өткізу пунктінің транзиттік әлеуетін кеңейтуге және жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің ресурсын тиімді пайдалану мәселелеріне қатысты үйлесімді жұмыстарды жалғастыру келісілді.
Мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкентте орналасқан Төле би кесенесіне зиярат етті.
Жалпы, Мемлекет басшысының бұл сапары табысты өтті деп толық сеніммен айтуға болады.