Бүгін ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың биылғы шомылу маусымына дайындығы талқыланды, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елімізде 50 мыңнан астам су айдыны бар, олардың негізгі бөлігі қорғалмаған, яғни шомылу үшін қауіпсіз емес. Осы орайда, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин адамдардың қаза болуына жол бермеу үшін кешенді алдын алу шараларын қолданудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте дәстүрлі әдістерге тоқталып қана қоймай, көпшіліктің назарын аударудың және су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірудің жаңа жолдарын табу қажет.
Өткен жылы су нысандарында адамдар жаппай демалатын, туризмге және спортқа рұқсат етілген 533 орын анықталды, оның 145-і – коммуналдық және 316-сы – жеке жағажай. Шомылу маусымы басталғанға дейін (1 маусым) қосымша шомылуға рұқсат етілген тағы 133 орын ұйымдастыру жоспарланып отыр, оның ішінде 30 коммуналдық және 103 жеке жағажай. Сонымен, жүзуге арналған ресми орындардың саны 666 болмақ, бұл – өткен жылғы көрсеткіштерден 25%-ға артық.
Министрдің тапсырмасына сәйкес ресми жағажайларда шомылу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігіне және оларды оқытуға ерекше назар аударылады. Бұл үшін балаларды жүзуге үйрету бойынша жұмыс жүргізетін қауіпсіз жағажайлар жабдықтау жоспарланып отыр.
Өткен жылғы статистика көрсеткендей, 184 суға бату оқиғасының 116-сы (63%) ауылдық жерлерде тіркелген. Әсіресе, бұл мәселе оңтүстік өңірлердің ауылдық жерлерінде өзекті. Ондағы жасанды каналдар мен арық жүйелеріне балалар жиі батып кетеді. Мәселен, Түркістан облысының аумағында жалпы ұзындығы 15 мың км астам 3 мың суару каналы мен арықтар бар, олардың 800-ден астамы немесе 5 400 км елді мекендерге жақын немесе ауыл арқылы өтеді.
Шомылуға арналған ресми (рұқсат етілген) орындардың болмауына және қолданыстағы жағажайларға қолжетімділіктің болмауына байланысты, белгіленбеген жерлерде шомылуға жол бермеу туралы жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарына қарамастан, жергілікті тұрғындар, оның ішінде балалар суару каналдары мен арықтарда шомылуға мәжбүр. Жыл басынан бері ғана Түркістан облысында ата-анасының қарауынсыз қалған суару каналдары мен арықтарға батып кеткен бес баланың қазасы тіркелді.
Сонымен қатар, балалармен болған жазатайым оқиғаларға жыл сайынғы талдау көрсеткендей, олардың қайтыс болу фактілерінің көпшілігі балалардың жазғы кезеңде жұмыспен қамтылмауы, балалар үйірмелерінің, секцияларының, лагерьлерінің және т.б. болмауы немесе аз болуы салдарынан болған.
Осыған байланысты жауапты орындаушылардың 2020-2023 жылдарға арналған санаторийлер, турбазалар, ұлттық саябақтар, оқу орындары жанынан ашу арқылы балалар лагерлері желісін кеңейтудің жол картасы пунктерін іске асыруға неғұрлым мұқият болуы қажет.
Осы орайда, отырыс барысында жергілікті атқарушы органдарға балаларды стационарлық бассейндерде жүзуге тегін үйретуді ұйымдастыру, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға жеңілдіктер беру мүмкіндігіне қосымша назар аудару ұсынылды.
Юрий Ильин қауіпсіздік ережелерін сақтау тұрғысынан табиғи және жасанды су айдындарында бекітілген жаппай демалыс орындарын тексеруді қысқа мерзімде ұйымдастыру қажеттілігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, министр демалушылардың қауіпсіздік ережелерін бұзуына жол бермеу, тек қорғалатын су айдындарында демалу қажеттілігі туралы ақпаратты жан-жақты жеткізу үшін шомылу маусымы кезінде су айдындары мен стихиялық жағажайлардағы жаппай демалыс орындарында рейдтер мен патрульдеу ұйымдастыруды және өткізуді тапсырды.