Биылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанның табиғат қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысына 100% үстемеақы қосылды. ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының аталған салада еңбек жағдайын жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында тиісті қаулы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, құжатта адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жұмыс үшін қосымша ақы белгілеу көзделген.
Еңбек жағдайлары ерекше құрылымдардың қатарына жануарлар дүниесін қорғау, орманды қорғау және қалпына келтіру, мемлекеттік орман қорғау және т.б. мамандандырылған ұйымдар жатады.
Енді қызметкерлердің орташа жалақысы атқаратын қызметі мен жұмыс өтіліне байланысты 101 мыңнан 320 мың теңгеге дейін ұлғаяды.
Жалпы осы салада 12 876 қызметкердің жалақысы көтеріледі.
Бұл шара білікті кадрлардың тұрақтап қалуына және жалпы жұмыстың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.