Онкологиялық ауруларды емдеудегі жаңа тәсілдерді талқылау, тәжірибе алмасу мақсатында Жамбыл облысына еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ Ресейден онколог-дәрігерлер делегациясы келді.
«Қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеудегі жаңа тәсілдер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Жамбыл облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығы – заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған заманауи емдеу мекемесінің базасында өтуде.
Орталық директоры Айбаз Әлиханов қонақтарға экскурсия жасап, мамандармен таныстырды. Оның айтуынша, көпсалалы онкология және хирургия орталығының мақтанышы – радиациялық терапияның жаңа буынына арналған «Elekta Versa HD» сызықтық үдеткіші. Ол кез келген локализацияның және кез келген конфигурацияның ісіктерін емдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, орталықтағы қол жетімді тағы бір бірегей сәулелік терапия аппараты – «Theratron Equinox 80» гамма терапия аппараты.
Қонақтар жедел жәрдем бөлмесі мен палаталарды аралап, орталықтың барлық халықаралық стандарттарға сай екеніне көз жеткізді.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияны облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев ашты. Ол облыс басшылығының денсаулық сақтау саласын дамытуға – медициналық инфрақұрылымды жақсартуға, өңірдегі кадр мәселесін шешуге ерекше көңіл бөліп отырғанын баса айтты.
Облыста денсаулық сақтау саласына қомақты бюджет қаражаты жұмсалуда десек, барлығы жамбылдықтардың заманауи медициналық көмек алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрайымы, ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова да конференцияның маңыздылығын атап өтіп, жаңа көпсалалы онкология және хирургия орталығы еліміздегі онкологиялық ауруларды емдеудегі негізгі орындардың біріне айналатынына сенім білдірді.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова да аймақтың онкологиялық қызметі рөлінің жоғары екенін айта келе, шараға қатысқан қонақтарға алғысын білдірді.
— 1956 жылы облыста 25 төсектік алғашқы онкологиялық диспансер ашылған десек, бүгін біз жылына екі мыңға дейін науқасты қабылдай алатын, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған, жаңа медициналық орталықта ауқымды шараны ұйымдастырып отырмыз. Мамандарымызға да жақсы жағдай жасауға күш саламыз, — деді басқарма басшысы.
Медицина ғылымдарының докторы, Н.И.Пирогов атындағы Ресей ұлттық ғылыми-зерттеу медицина университетінің акушерлік және гинекология кафедрасының профессоры, К+31 клиникасы бас дәрігерінің гинекология жөніндегі орынбасары Лаура Каппушева қазақстандық медицинаның қарқынды дамып келе жатқандығын тілге тиек етті.
— Қазақтанда саланың қарқынды, жедел дамып келе жатқанын байқадық. Бұл ел билігінің басымдықтарды дұрыс белгілепотырғандығын көрсетеді. Біз сіздердің аудандық емханаларыңызды аралап, олардың жабдықталуының жоғары көрсеткішіне, дәрігерлер мен емделушілерге жасалған қолайлы жағдайға куә болдық, — деді ол.
Конференцияда белгілі кардиохирург, «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы» ЖШС директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сейтхан Жошыбаев та өзінің орамды ойларын ортаға салды.
Екі күнге созылатын конференция бағдарламасында қазақстандық және ресейлік онкологтардың қатысуымен аз инвазивті хирургияны оқыту бойынша шеберлік-сабақтары қамтылған.
Конференция аясында дәрігерлер барлығы төрт операция өткізеді. Сондай-ақ, қатысушылар қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеудегі жаңа тәсілдер туралы дәрістер оқиды. Онкологтар алғашқы медициналық көмек көрсету орындарында паллиативтік науқастарға арналған ауырсынуды емдеуді, аналық без обырын емдеудегі қазіргі тәсілдерді, колоректальды қатерлі ісікке қарсы антиангиогендік терапияны, өкпе ісігінің иммунотерапиясын талқылайды.