Жоғары оқу орындарына оқытушылардың жалақысын 20 пайызға көтеру бойынша ұсыным берілді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023 жылдың 13 маусымындағы «Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі ұйымдарда профессор-оқытушы құрамның ұсынылатын ең төменгі жалақысын анықтау туралы» №272 бұйрығына сәйкес, жоғары оқу орындарына профессор-оқытушы құрамның жалақысын 20 пайызға арттыру ұсынылды», — деп атап өтті ведомстводан агенттіктің ресми сауалына орай.
Осыған орай ЖОО-лардың оқытушылары – 240 мың, аға оқытушылары – 276 мың, қауымдастырылған профессорлар – 312 мың, профессорлар – 420 мың, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы профессорлары 480 мың теңге алады.
Ведомствоның атап өтуінше, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бакалавриаттардың шәкіртақысы –20, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15 пайызға көтеріледі. Яғни, бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 36 660 теңгеден 41 898 теңгеге, магистранттар шәкіртақысы 86 987 теңгеден 91 024 теңгеге, докторанттар шәкіртақысы 195 мыңнан 215 500 теңгеге артады. Қажетті қаражат министрлік бюджетінде қарастырылған.