Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте “Ауыл аманаты” жобасының орындалу барысы қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Ағымдағы жылы 24 млрд. теңгеге 10 ауданнан 26 округ қаржыландыруға ұсынылған. Бұл округтердегі 13157 аулада жалпы 69 514 адам тұрады.
— Алдын ала жасалған скрининг нәтижесінде 3923 жобаға 18,6 млрд. теңге қажет. Ағымдағы жылдың 20 шілдесіне жалпы сомасы 13 млрд. теңгеге 2146 өтінім келіп түсті. Оның, 1,8 млрд. теңгеге 323 өтінімі төленді – барлығы мал бағыты,-деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, жиында жобаның бес бағыты бойынша көрсеткіштер жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімі жеке қосалқа шаруашылықтарды ағын сумен қамту шаралары басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Ағын су мәселесі бар ауылдарда округ әкімдері құдық қазу жұмыстарын ұйымдастырып, үйлестіру керектігін жеткізді.
Аймақ басшысы жоба аясында мал басын және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру, малдарды асылдандыру ісінің маңыздылығына айрықша тоқталды.
Аудан, ауыл әкімдері тұрғындарға барлық тиісті жағдай жасау қажеттігін, олардың жұмыс көрсеткіші осы тұрғыда бағаланатынын баса айтты.
Бірқатар мәселелер бойынша аудан әкімдерінен жеке-жеке жауап алған Нұржан Нұржігітов жауаптыларға бөлінген қаржыны уақытылы және сапалы игеру, тұрғындар арасында барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қатысты және өзге де нақты тапсырмалар жүктеді.