Оралда 1 жасар қыз төртінші қабаттан құлап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 23 қыркүйек күні төртінші қабаттан құлап кеткен бүлдіршін түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.
«Оқыс оқиға кезінде қыздың қасында әжесі болған. Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК 141-бабы 1-бөлігіне (балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау) сәйкес Абай полиция бөлімінің қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде», деп хабарлады ведомстводан.
Аталған бап бойынша айыпты деп танылған адам белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 2 мың АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, Әбубәкір Кердері көшесі 135-мекенжайынан (бес қабатты үй) 2022 жылғы қыз жедел жәрдеммен облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Медициналық тексеруден өткізіліп, травматология бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы орташа ауыр, денесінің көгерген жерлері бар.