Ұлттық қорға еншілес компаниялардың жұмысшылары еңбек қауіпсіздігі және жағдайы бойынша шағымдануды азайтқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«24/7 режимінде 5 байланыс арнасы арқылы әлеуметтік шиеленіс пен жұмыстағы қақтығыстар бойынша жедел талдау жүргізіледі. Биыл 8 айда «Нысана» байланыс орталығына 14 мыңнан астам анонимді хабарлама келіп түсті. Аталған жүйенің артықшылығы – анонимді, байланыс арналарының көптігі, операторлардың 24/7 байланыста болуы және әр өтініш міндетті түрде қаралады. Кәсіпорындардағы ереуілдер саны биыл 5,5 есе азайған», — деді «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек мәселелері және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов компанияда өткен брифингте.
Оның айтуынша, жұмысшылардан келіп түсетін өтініштер мен шағымдар «Әлеуметтік тұрақтылық картасында» өңірлер бойынша тіркеледі.
«Арыз-шағымды электронды пошта, телефон нөмірі, Whatsapp, веб-сайт, QR-code арқылы қалдыруға болады. Биыл ереуілдер саны былтырға қарағанда 5 жарым есе азайды. Ал компаниялар бойынша қауіпті өңірлер саны 2021 жылмен салыстырғанда 3 есе қысқарған», — дейді ол.
Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» өкілі өтініш, шағымдардың қараусыз қалмайтынын айтып, сендірді.