Қазақстанның Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева отандық қант саласында қалыптасқан ахуалды көңіл көншітпейтін жағдай деп бағалайды. Бейінді министрліктер қабылдаған шаралар да айтарлықтай нәтиже бермей отыр. Осылайша Қазақстан нарығы ресейлік қантпен толып, ал өзіміздің өндірістің өнімі айлар бойы отандық қант зауыттарының қоймаларында «өлі» жүк болып жатыр, деп хабарлайды Кazinform.
«Қазір төрт қант зауытының қоймаларында шамамен 50 мың тонна қант бар. Өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының ақшасына зауыттар сатып алған шикізаттан ішінара өндірілгені де соның ішінде. Бұл қаражат өткен жылдың қазан айында қол қойылған меморандум аясында бөлінген-ді. Дайын өнімнің бір келісі 460 теңгеден сатылады деп болжанған. Бірақ, зауыттар қантты өндірген кезде отандық нарықта арзан импорттық өнім толып кетті. Соның салдарынан қазақстандық кәсіпорындар қанттарын лайықты бағамен сату мүмкіндігінен айырылып қалды», — дейді Айжан Наурызғалиева.
Зауыттар қантты өзіндік құнынан төмен бағамен сата алмайтындығы түсінікті. Бүгінде қант өндірумен айналысатын барлық төрт кәсіпорын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары алдындағы борышын өтей алмай қалт-құлт етіп тұр. Корпорациялар зауыттарға 18 млрд теңге бөлген еді. Мұнан бөлек, зауыттар ӘКК ақшасына сатып алынған шикі қантты әкелу үшін баж төлеуге тағы 700 млн теңге жұмсаған болатын.
Кәсіпорындар дайын өнімін сатып, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен есеп айырысуға тиіс болды. Алайда, Қазақстан нарығын жаулаған арзан импорттық қант отандық өнімді бәсекеге қабілетсіз етіп отыр. Осы себепті, алты айдан астам уақыт бойы кәсіпорындар қантты қоймаларда ұстауға немесе Тараз қант зауыты сияқты шығынға батып, сатуға мәжбүр.
«Кәсіпорын басшылығы бұған жаңа өнімнің қызылша қантына арналған, бірақ өнімге толып тұрған қоймаларын босату үшін баруға мәжбүр. Бұл мәселенің шешімі емес екені анық. Сондықтан, қоймалары бостау тұрған зауыттар қантты сатпауды жөн көріп, әлі де оң өзгерістерге үміттене қарайды. Өкінішке қарай, олар үшін мұндай алғышарт әзір байқалар емес. Біз әр түрлі инстанцияларға автомобиль көлігімен арзан қантты бақылаусыз әкелу ағынын тоқтату мәселесіне үнемі назар аудартып келеміз. Оны «сұр импорт» деп те атаймыз. Ауыл шаруашылығы министрлігіне де, Сауда министрлігіне де жаздық. Бірақ, бізді естір құлақ болмай тұр. ЕЭК комиссиясы бекіткен теңгерімге сәйкес, Ресейден Қазақстанға жыл сайын 250 мың тоннаға жуық қант әкелуге болады. Бірақ, іс жүзінде одан да көп қант әкелінеді. Егер теміржол арқылы тасымалданған қантты есепке алуға болса, ал автожол арқылы жүзеге асатын импорты іс жүзінде мүлдем есепке ілікпейді», — деді қауымдастық президенті.
Қазақстанның Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының дерегіне сәйкес, осы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қазақстанға Ресей Федерациясынан 203,6 мың тонна қант әкелінді. Бұл ретте, осы аралықта автомобиль көлігімен әкелінген, алайда есепке алынбаған қант көлемі шамамен 150 мың тоннаға жуықтайды.
«Бізде мұндай қант (импорт) өте көп. Барлық базарда лық толып тұр. Барлық дерлік сауда желілерінде сатылып жатыр. Қазақстан өнімі, сөрелерде болғанның өзінде өте аз мөлшерде ғана. Тіпті, ресейлік өнімнің қазақстандық өнім ретінде сатылу фактілері де бар, яғни оны отандық қант зауыттарының қаптарына салып саудалайды. Мысалы, Шымкент базарларында Тараз қант зауытының қанты пайда болды. Ал кәсіпорын өз өнімін Шымкентке сатпаған. Бұл зауыт қазір жөндеуге тоқтап тұр және наурыз айына дейін жұмыс істемейді», — деп түсіндіреді қауымдастық басшысы.
Айжан Наурызғалиеваның айтуынша, бүгінде отандық қант зауыттары қант қызылшасын өңдеумен айналысып жатыр.
«Биыл 13,6 мың гектарға қант қызылшасы егілді. Отандық шикізаттан 50 мың тонна қант аламыз деп күткен едік. Бірақ, бұл үміттің орындалмайтыны анық. Себеп — қызылша сапасының төмендігі. Бұл дайын өнімнің көлеміне әсер етеді. Бір жерде қызылша жаңбырға ұрынды. Күзгі температураның өзгеруі де оның сапасына қатты әсер етеді. Түнде ызғар болып, күндіз температура 15-20 градусқа дейін көтерілді. Енді қызылшаны сақтау орындарын жаңарту қажеттігін ойластырып отырмыз. Тамырлы дақылдардың сақталуын ұзақ уақытқа арттыруға мүмкіндік беретін желдету жүйелерін орнату керек. 16 қарашадағы жағдай бойынша барлық төрт қант зауыты қызылша шикізатынан шамамен 20 мың тонна қант өндірді. Қызылшаны жинау әлі толық аяқталған жоқ. Біз тағы 20 мың тонна қызылша қанты шығарылады деп отырмыз. Бірақ, бұл — өте оптимистік болжам», — деді сарапшы.
Қызылша шикізатының жиналған көлемі таусылған кезде қант зауыттары немен айналысады деген сұраққа жауап беру қауымдастық президентіне қиынға соқты.
«Біздің кәсіпорындар құрақ шикізатын сатып ала ма, жоқ па, әзірге айту қиын. Егер ғайыптан тайып баға төмендесе, онда әбден мүмкін. Бірақ, баға тек өсіп келе жатыр. Мәселен, 20 қарашада Нью-Йорк биржасында шикі қанттың тоннасы 608 долларға сатылды және бұл тасымалдау шығынынсыз. Ал өткен жылы қазан айында оның бағасы 1 тоннасы үшін 400 доллар болған еді. Болашақта да арзандауы екіталай. Өйткені, оған көптеген фактор әсер етеді. Шикізатты бүгінгі бағамен сатып алған зауыттар одан да қымбат өнім шығарады. Оны сату қиынға соғады. Ресейде тағы да профицит күтілетінін ескерсек, қантымыз тағы да қоймаларда «өлі жүк» болып қала ма деген қорқыныш бар», — деп түйіндеді сөзін Айжан Наурызғалиева.