Алғашқы аяз: Коммуналдық апат болған өңірлерде жөндеу жұмысы қалай жүріп жатыр

0 19

Кешегі күннен бері бері еліміздің бірнеше өңірі жылусыз, сусыз қалды. Энергетика министрлігі мен жергілікті органдар мәселені толық әрі тез шешудің амалын қарастырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Қазіргі таңда Атырауды сумен қамту толық қалпына келген.  

Атырау қаласындағы, оған таяу орналасқан елді мекендер мен Мақат ауданының тұтынушыларына суық су берілді.

Қазір су құбырындағы қысым бірқалыпты.

«Атырау облысы су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Мейірім Қалауидің айтуынша, 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 16:00 шамасында тұтынушыларға су беріле бастаған.

Ал, сағат 19:00-де құбырдағы қысымды қалпына келтіру аяқталған.

Сондай-ақ екі күн бұрын Көкшетауда 40-тан астам үй жылусыз қалды.

Көкшетаудағы «Капитал» тұрғын үй кешенінің маңында диаметрі 700 мм болатын жылу құбыры жарылған.

10 желтоқсан күні сағат 19.00 шамасында Көкшетауда Сәбатаев пен Сағдиев көшелерінің қиылысындағы жылу трассасында апат болды.

Осы уақытта Сәбатаев көшесі, № 82 тұрғын үй аумағындағы 700 мм диаметрлі №1 жылу трассасындағы ақау анықталды.

Кеше Теміртауда ҚарМАЭС-1 сорғы стансасында апаттық жағдай болды.

Оқиға салдарынан станса қазандықтары резервтік отынға ауыстырылды.

Апат температуралық кестенің төмендеуіне әкелді.

Бүгін Теміртаудағы Ескі қала ауданында жылу қалпына келтірілді.

Аталмыш шағын ауданның үйлерінде ҚарМАЭС-1-дегі апатқа байланысты температуралық режим төмендеген болатын.

Сонымен қатар Екібастұз ЖЭО-да қатты отынмен жұмыс істейтін қазандықтар жұмысы да толық қалпына келді.

10 желтоқсан күні сағат 19.30-да Екібастұз ЖЭО-да құбырдағы күлді шаю нәтижесіндегі су басқан барлық учаскелер құрғатылды. Қазір жылу температурасын көтеру үшін барлық амалдар жасалып жатыр.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі жазғандай, жөндеу бригадалары екі электр қозғалтқышты ауыстырды, сорғы күл құбырының жұмысы қалпына келді.

Кеше Риддердегі жылу қазандығында апат болып, ол уақытша қызметін тоқтатты. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде, қазіргі сәтте жылу толық емес қуатында беріліп жатыр.

«19:00-де жылу қазандығы қайта іске қосылды. 20:00-де жылу температурасы 73 градусты көрсетіп тұрды. 23:00-де жылу температурасын қалыпты көрсеткішке дейін жеткізу жоспарланған» делінген хабарламада.

Айта кетсек, кеше елімізде бірнеше өңір сусыз және жылусыз қалғанын хабарлаған болатынбыз.

Кейін Энергетика министрлігі Ақтау, Балқаш және Екібастұзда жылу жүйелерін жөндеу жұмыстары аяқталғанын жеткізді.

Сондай-ақ, аталған ведомство жылу желілерін қалпына келтіру жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың назарында және жағдай министрліктің де бақылауында екенін жеткізді.

Риддердегі жылу орталығында апат болғаны жайлы ақпарат – жалған.

Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаев жылу электр орталығында апат болғаны жайлы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлім етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.