Мемлекет фермерлерден бидайды қай бағамен сатып алады

0 12

Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерден бидай сатып алуға қатысты жасалған шешімге түсінік берді, деп хабаралайды Kazinform

«Мемлекет басшысының зардап шеккен шаруашылықтарға қаржылай және өзге де көмек көрсету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Премьер-Министрдің төрағалығымен былтырғы 9 қазанда Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Онда Азық-түлік келісімшарт корпорациясына қатысты шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, нарық деңгейінде фермерлер үшін сатып алу бағасы белгіленді. Бұл ретте, форвардтық сатып алу бойынша 3-сыныпты бидайдың бағасы 120 мың теңгені, 4-сыныпты бидайдың бағасы 105 мың теңгені құрады», — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар, форвардтық сатып алу және тауар кредиті бойынша міндеттемелерді орындау үшін 1 жылдық кейінге қалдыру қарастырылған.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясының резервтері негізінде тұқым қорын қалыптастыру да жалғасады. Былтырғы 5 желтоқсанында 2023 жылдың өнімі бойынша 350 мың тонна көлемінде 4,5-санаттағы және сұрыпты емес бидайды тікелей сатып алу жарияланып, тиісті сатып алу бағасы белгіленді. Осы мақсаттарға Үкімет қаулысымен корпорацияның жарғылық капиталын толықтыруға 31,3 млрд теңге бөлінді. Қабылданған шаралар мен қосымша бөлінген қаражат шаруаларды 2024 жылғы егіс науқанына қажет қаржы ресурстарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп аталып өткен хабарламада.

Мұнымен қоса, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қазіргі кезде сапасы төмен астық пен 5-сыныпты бидайды сатып алушыларды белсенді түрде іздестіріп жатыр.

Бұл ретте Қазақстан астығын сатып алатын елдермен, яғни Иран, Қытай, Өзбекстан, Әзербайжан және басқа да елдермен, сондай-ақ Қазақстан нарығындағы сатып алушылармен (құс әрі мал өсірушілер, спирт зауыттары) келіссөз жалғасып жатыр.

Еске салсақ, былтыр күзде Ауыл шаруашылығы министрлігі 2023 жылы шыққан астық өнімі Қазақстанды нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз етуге жеткілікті екенін жариялады.

2023 жылдың аяғында Парламент депутаттары Қазақстанда фермерлер сапасы төмен астықтан шығынға батуы мүмкін екенін айтқан еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.