Мемлекет басшысының жұмыс сапары туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы мәлім етті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 4 сәуір күні су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің біріне жұмыс сапарымен барады. Сапар туралы қосымша ақпарат кейінірек хабарланады», — деп жазды Берік Уәли.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді.
Мемлекет басшысы жағдайды қалыпқа келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдаумен қатар, жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.