Бүгін ауыз бекіткен жұртшылық үшін биылғы соңғы ауызашар болмақ.
Ертең – Ораза айт мейрамы. Осы ретте, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ораза айт намазының еліміз бойынша әзірленген кестесін ұсынды.
Ораза айт күні айт намазына дейін пітір садақасын беріп үлгеру қажет.
ҚМДБ ұсынған ақпаратқа сүйенсек, мешітке намаз оқуға барарда ғұсыл құйынып, әтірленіп, жаңа киім киіп, құрма жеп, қуаныш пен шаттық көңіл-күймен тәкбір (Аллаһу әкбар) айту маңызды.
Ораза айт кезінде мұсылмандар бір-бірін құттықтап, мерекелік дастарқан жайып, туыстар мен дос-жарандарды мейман етеді.