Су суық және түнде тез көтеріледі — ақтөбелік құтқарушы

0 20

 Ақтөбе облысының орталығы мен 6 ауданда, сонымен бірге шалғай шаруа қожалықтары мен далалықта құтқару жұмыстары жүрді. Жұмыс 25 наурызда басталып, күні бүгінге дейін жолы жоқ ауылдарға гуманитарлық көмек, тасымал қызметі атқарылып жатыр.

Ақтөбе облысында су тасқыны кезеңі 25 наурыз күні басталды. Алдымен, Ақтөбе қаласы мен Байғанин, Мұғалжар аудандарында су көтеріліп, адамдарды әбігерге салды. Сол кезде № 2 құтқару бекетінің оннан астам қызметкері аудандар мен қаладағы адамдарды, үй жануарлары мен төрт түлікті құтқару жұмыстарын жүргізді. Бүгінге дейін өңірде 11 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Су деңгейі түскенде олардың 3 мыңға жуығы үйіне оралды.

құтқарушы
Фото: Ақтөбе облысы ТЖД

Шаруа қожалықтарында малшылар шатырда отырып, көмек күтті — Нұрболат Жұмағалиев

құтқарушы
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

№ 2 құтқару бекеті сүңгуірлер бөлімінің жетекшісі Нұрболат Жұмағалиев 2011, 2017, 2023 жылдары болған су тасқынын көрген. Бұған дейін көбіне қала маңындағы бау-бақша ұжымдарына су кірсе, былтыр Қобда мен Ойылда өзен арнасынан асты. Ал биыл құтқару жұмыстарын 26 наурызда бастады. Мұғалжар ауданына шыққан топта маторлы темір қайық болды.

тасқын су
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД

— Алдымен, Мұғалжар ауданындағы шаруа қожалығынан 3 адамды құтқарып алдық. Бір қиыны ауылдағы өзенде қай жерде сең жүріп, кедергі кезігерін бағамдау қиын. Соған қарамастан құтқару жұмыстары үзіліссіз жүрді. Бірінші шаруа қожалығына барған кезде екінші қожалықта да бір адам бар екенін білдік. Ол адамға да соғып, малшыны алып шықтық. Ал 27 наурызда тағы екі адамның су ортасындағы қожалықта қалғанын білдік. Оларға да барып, құтқардық. Мұғалжар ауданы Батпақкөл ауылындағы шаруа қожалығынан да екі адамды алып шықтық. Олар шатырда отырды. Сөйтіп біз 8 адамды құтқардық. Бір ерекшелігі, жер шалғай. Мәселен ауданның Қожасай ауылына адам тасып, электр тогын жөндейтін шеберлердің жұмыс істеуіне мүмкіндік жасадық, — деді ол.

тасқын су
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД

Құтқарушылар тасқын кезінде жолдарды су шайып, қатынас қиындағанын айтты. Мәселен, Мұғалжардың Ембі әскери қалашығынан Жаңажолға жету үшін Бірлік ауылына аялдап, жолай оларға да көмектесіп, бірнеше шақырым жүрді.

— Тасқынның қауіптісі — су салқын. Адамдар суда ұзақ уақыт тұра алмайды. Сіңірі тартылып, жүрегі ұстап қалуы мүмкін. Сондықтан да олар суға кірмейді. Сонымен бірге қайық та аударылып қалуы мүмкін. Біз барған шаруа қожалығындағы екі малшы су жақындағанын білген, ескерту алдын ала айтылған. Олар екі атты байлап, су кіргенде қашып шығамыз деп ойлаған. Ал су кіргенде екі ат қашып кеткен, екі малшы шатырда жан сауғалаған. Тағы бір айта кетерлігі, су күндіз сай-саланы толтырып, түнде тез көтеріледі. Көбіне түнде қиын болады, — деді Нұрболат Жұмағалиев.

тасқын су
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД

№ 2 құтқару бекеті сүңгуірлер бөлімінің жетекшісі Байғанин, Мұғалжар, Хромтау аудандарымен бірге Қобда ауданында да құтқару, тасымалдау жұмысын атқарды. Кейбір шаруашылықтағы малшылар төлдеу кезінде көшпей, қырда жұмысын жалғастырған. Оларға азық-түлік пен көрпе-төсек, қажетті жиналмалы шатыр жеткізілді.

Адамдар үйін тастап шыққысы келмеді — Айдар Ишангалиев

құтқарушы
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Су тасқыны кезінде көпті көрген қызметкерлермен қатар жастар да құтқару жұмыстарын жүргізді. № 2 құтқару бекетінің құтқарушы Айдар Ишангалиев болса, бір апта бойы көлік ішінде түніп, сол жерде тамақтанып, сол жерден шақыртуға барды. Бұл — ол көрген үлкен құтқару жұмысы болды.

тасқын су
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД

— 26 наурыз күні алдын ала ескерту жұмыстары жүргізілді. Адамдарға үйді тастап шығуын сұрадық. Кейбірі дереу шығып, көлігіне мініп, өз туыстарына кетті. Ал «барар жеріміз жоқ» деген адамдарды эвакуациялық бекеттерге тасымалдау жүргізілді. Адамдардың кейбірі үйіне су кіргенше отырды. Олар «Су келмейді, кірмейді» деп ойлағанын жасырмайды. Көбіне бір қабатты үйлерден құтқару жұмысы жүрді. Ал екі қабатты үй тұрғындары екінші қабатында отырды. Екі баласы мен әйелді алып шаққанда олар мотопомпамен су сору жұмысын жүргіземіз деп ойлаған, — деді ол.

Өңірде эвакуация жүргізілгенде № 2 құтқару бекетінің қызметкерлері жан-жаққа бөлінді. Мұндағы құтқарушылар арнайы киім киіп, суда жүрсе, кейбірі үшін маторлы қайықпен құтқаруға тура келді.

тасқын су
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД

— Адамдар өздерімен бірге киім, тамағын да алады. Аса ауыр болмаса алып шығамыз. Егер қайта оралу керек болса, барамыз. Мәселен бау-бақша ұжымында ескертуге құлақ аспаған адамдар қалып қояды. Олар кейде бір-біріне көрші болып шығады. Сөйтіп бірін алғанда, екіншісіне де барып, жинап шығамыз. Келешек тұрғын алабындағы бау-бақша ұжымында бір үйдің төрт адамы отыра берген. Іргетасы биік болып, үйіне су кірмегенмен, жан-жағында жүру мүмкін емес. Сол үйде жүкті келіншектің толғағы қысқан. Үйінде күйеуі, екі баласы бар. Тек әйелі шығып, өзгелері ешқайда кетпейтінін айтты. Тағы бір оқиға бар. Екі итті құтқаруға тура келді. Абалай тұқымды итті құтқаруға төрт құтқарушы мен үй иесінің қызы шықтық. Барған кезде ұрғашысын көндіріп, резеңке қайыққа мінгіздік. Ал екіншісі көнбеді. Ырылдап тұрып алған соң біз қозғала бердік. Сол кезде ол да ілесті. Суда біраз жүріп, жағаға 100 метр жақындағанда әлсіреп қалды. Оны қолымызден демек шығардық. Асыл тұқымды ит болған соң оны тасымалдау қиынға соқты, — деді Айдар Ишангалиев.

тасқын су
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД

Тағы бір тұрғынды құтқарушылар күштеп алып шықты. Оның өзін ғана емес, үш қой, екі ешкі, ит-мысық пен күркетауықты қауіпсіз жерде көшірді.

— Наурызда бір аптаға жуық уақыт бойы демалыссыз жұмыс істеуге тура келді. Кейін кезекшілікке шықтық. Бір апта көлік ішінде ұйықтап, сол жерде тамақтанып, сол жерден құтқару жұмыстарына шықтық. Тамақты еріктілер тасыды, штаб орналасқан аймақтағы мейрамханалар жеткізді, — деді құтқарушы.

тасқын су
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД

Облыстағы құтқару бөлімінде барлығы 70-ке жуық адам жұмыс істейді. Ал № 2 құтқару бекетінде 20-ға жуық қызметкер бар. Оның тең жартысына жуығы су тасқыны кезінде аудандарға барып көмектесті.

тасқын су
Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД
құтқарушы
Leave A Reply

Your email address will not be published.