Бүгін — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын күн

0 10

Бүгін Қазақстан халқы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алады. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылған жоқ». Екінші дүниежүзілік соғыстың Кеңес одағы үшін аяқталған күнін осындай ұранмен қарсы алатын елдер бар. Бұл ұран біздің қоғамға да сыналап енгенімен, қазір мағынасы мен қолданылатын кезеңі өзгеріске ұшырап отыр. Қазақ қоғамы қазір бұл сөзді 9 мамырдан гөрі 31 мамырда жиі еске алады. Өйткені, саяси қуғын-сүргіннің ашылмаған ақтаңдақтары әлі жетерлік. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясы 4 жыл бойы (2019-2023) жұмыс істеді.

Осы кезеңде комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарын жүргізді. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман аймақтық комиссияда еңбек етті. Олар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте сақталған құжаттарды зерделеді. Соның арқасында 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды.

Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді. Осы еңбектің қорытындысын ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін жиналған материалдардың 72 томдық жинағы бір сериямен әзірленді.

Қазір осы комиссияның жұмысын Президент тапсырмасымен құрылған XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы жалғастырып отыр. Бұл орталыққа арнаулы мемлекеттік архивтерден репрессия құрбандарына қатысты 688 мыңнан астам іс және 48 мыңға жуық есепке алу карточкасы берілген. Аталған құжаттар цифрлы форматқа көшіріліп, электронды қор жасақталып жатыр.

Ресми деректерге сүйенсек, Сталин заманындағы қуғын-сүргіннің кезінде ғана Қазақстан аумағында Карлаг, Степлаг, АЛЖИР сияқты 11 арнайы лагерь болған. Ондағы 2 миллионға жуық тұтқынның бестен бір бөлігі өзге республикалардан айдап әкелінді. Нақтырақ айтсақ, 800 мың алман ұлтының, 550 мың Кавказ халықтарының өкілі, 18,5 мың кәріс пен Қиыр Шығыс халықтары күшпен көшіріліп әкелінді. Жалпы ХХ ғасырда қазақ жеріне Мәскеудің пәрменімен 5,6 млн бөгде елдің азаматтары көшірілді. Бұл сол кездегі қазақ халқының санынан көп еді, өйткені ұлттың басым бөлігін екі толқынмен жүрген алапат ашаршылықтар жойып кеткен болатын.

1921 және 1954 жылдар аралығында Қазақстанда 3,7 млн адам сотталып, 640 мыңы атылған. Соның ішінде саяси себеппен 103 мың адам сотталып, 25 мың адам саяси себеппен атылған. Бұл 25 мың адамның арасында елде басшылық қызметтер атқарған 650 адам да бар. Қазір Алаш арыстары деген атпен ұлықталып жүрген асыл тұлғалардың бәрі осы 650 адамның қатарында болды.

Саяси қуғын-сүргін дегенде еске ашаршылық та түседі. Өкінішке қарай, ғалымдар да, ресми тарих та ашаршылықтан ажал құшқан қазақ саны туралы бір тоқтамға келе алмай жүр. Бір деректерде 1921-22 және 1930-1933 жылдары жүрген ашаршылықтардың кезінде қырылған қазақтың саны 1 млн адам делінсе, тағы бір көздерде 2-3 млн адамға жеткені айтылады. Тағы бір топ ашаршылық жалмаған буынның жалпы санын 4-5 миллионға дейін апарып тірейді.

Жалпы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң алғаш рет 1993 жылдың 14 сәуірінде қабылданған болатын. Содан бергі 30 жылдың ішінде құжат 7 рет жаңартылыпты. Соңғы жаңарту 2023 жылдың 19 сәуірінде енгізілген. Заңдағы ақталуға жататын тұлғалар мен ақталуға жатпайтын тұлғалардың санаты 30 жыл бұрынғы редакциясындағыдай өзгеріссіз қалған. Тек 6-баптың «а» тармағындағы «зорлық-зомбылық» деген сөздің орнына «терроризм» деген сөз қойылған.

Сонымен, қолданыстағы заң бойынша саяси-қуғын сүргін құрбаны ретінде жаппай ақталуға жататын тұлғалар мынандай айыптары үшін сотталған болуы керек:

4-бап. Мынадай айыптары үшiн сотталғандардың бәрi ақталған адамдар деп жарияланады:

а) революцияға қарсы үгiт-насихат жүргiзгенi;

б) шiркеудi мемлекеттен бөлу туралы ережелердi бұзғаны (дiни топтардың алым қаражаттарын күштеу арқылы жинағаны, дiни құрыптарды атқаруға бөгет жасағаны үшiн айыптау бойынша сотқа тарту жағдайларынан басқа реттерде), яғни 1958 жылғы 25 желтоқсандағы «Мемлекеттiк қылмыстар үшiн қылмыстық жауапкершiлiк туралы» КСРО Заңы қабылданғанға дейiн қолданылған РКФСР Қылмыстық кодексiнiң 58, 122, 123, 125, 126-баптары бойынша;

в) кеңеске қарсы үгiт және насихат жүргiзгенi;

г) мешiт пен шiркеудi мемлекеттен және мектептi мешiт пен шiркеуден бөлу туралы заңдарды бұзғаны;

д) КСРО-ның қоғамдық құрылысын даттайтын қасақана өтiрiк қауесеттер таратқаны үшiн, яғни Қазақ КСР Қылмыстық кодексiнiң 56, 130 (1992 жылғы 26 маусымдағы Қазақ КСР-iнiң Заңы қабылданғанға дейiн қолданылған редакцияда) 170-1 баптары бойынша.

5-бап. Мынадай саяси себептермен сотталған адамдардың бәрi ақталуға жатады:

а) мемлекеттiк және басқа қылмыстары үшiн сотталғандар;

б) саяси қуғын-сүргiндермен байланысты жазасын өтеп жатқан бас бостандығынан айыру орындарынан, айдаудан, жер аударудан, арнайы қоныс аударудан, не бас бостандығын шектей отырып ықтиярсыз еңбекке тарту орындарынан қашып шыққаны үшiн сот емес органдар шешiмдерiмен сотталғандар немесе жазаланғандар;

в) саяси тұтқындардың бас бостандығынан айыру орындарында қарсыласу қозғалысына қатысқаны үшiн сот емес органдар шешiмiмен сотталғандар немесе жазаланғандар;

г) Бүкiлодақтық Төтенше Комиссия, Саяси бас басқарма — Айрықша Саяси бас басқарма, Iшкi iстер халық комиссариаты басқармасы — Iшкi iстер халық комиссариаты, Мемлекет қауiпсiздiгi министрлiгi, Iшкi iстер министрлiгi органдарының, прокуратура мен оның алқалары, «айрықша кеңестер», «екiлiк», «үштiк», сот қызметiн жүзеге асыратын басқа да органдар шешiмдерi бойынша қылмыстық жазаға тартылғандар.

6-бап. Осы Заңның 5-бабында аталған, соттар негiздеп айыптаған, сондай-ақ сот емес органдардың шешiмдерiмен қылмыстық жазаға тартылған, iстерiнде мына төмендегi жасаған қылмыстары жеткiлiктi дәлелденген адамдар ақталуға жатпайды:

а) шетелге қашып немесе ұшып кетуден басқа Отанды сатудың барлық формалары; қарулы көтерiлiс немесе қарулы бандылар құрамында Республика аумағына революцияға қарсы мақсатта басып кiру және олар жасаған кiсi өлтiрулерге, басқа да күш көрсету әрекеттерiне; тiмiскiлiк, зорлық-зомбылық, бүлдiру әрекеттерiне қатысу;

б) жай халық пен әскери тұтқындарға қатысты күштеу әрекеттерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы кезiнде осындай әрекеттер жасауына басқыншылар мен Отанын сатқандарға деп берушiлiк;

в) қарулы бандыларды ұйымдастыру және олар жасаған кiсi өлтiрулерге, басқа күштеу әрекеттерiне қатысу.

Leave A Reply

Your email address will not be published.