Анталиядағы Жамбыл атындағы саябақта Домбыра ескерткіші орнатылды — шетелдегі қазақ баспасөзі

0 24

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қытайлық дрондар 6000 метр биіктіктегі Эверест тауына заттар жеткізді — «Халық газеті»

5 маусымда танымал ұшқышсыз ұшақ компаниясы Shenzhen Dajiang Innovation Technology Co., Ltd жариялаған мәліметтерге сәйкес, жақында компания басқа мекемелердің көмегімен Джомолунгма(Эверест) тауының Непал жағында азаматтық дрондардың теңіз деңгейінен аса биіктікте зат тасу сынағын аяқтады, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті».

Қытайлық басылымның келтірген деректеріне сүйенсек, бұл сондай-ақ теңіз деңгейінен 5300 метрден 6000 метрге дейінгі биіктікте азаматтық дрондардың қос бағытта зат тасымалы бойынша әлемдегі алғашқы сынағы. Ол азаматтық дрондарды ең жоғары биіктікте тасымалдау бойынша рекорд орнатты.

Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Визасыз режимнің ықпалымен Қытайға саяхаттайтын шетелдіктер саны көбейді» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Қытайлық басылымның дерегінше, шетелдіктердің Қытайға келуін жеңілдетуге бағытталған «72/144 сағаттық транзиттік визасыз режим» сияқты бірқатар шараның арқасында шетелдіктердің Қытайға сапарлары қыза түскен.

Ұлттық иммиграция басқармасы 5 шілдеде осы жылдың бірінші жартыжылдығында бүкіл ел бойынша әртүрлі порттардан 14,635 миллион шетелдік кіргенін хабарлады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 152,7%-ға өскен. Олардың ішінде елге визасыз кіргендер 8,542 миллион адам болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 190,1%-ға өсті.

«2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Бейжің порты барлығы 307 000 шетелдік туриске визасыз режим қызметін көрсетті және 33 700 шетелдік туриске 144 сағаттық транзиттік визасыз режим берді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тиісінше 10,12 есе және 7,24 есе өсті», деп жазды қытайлық БАҚ.

Ислам Кеңесі Төрағасы мен Қазақстан Сенаты Төрағасы БРИКС отырысы аясында кездесті — Parstoday

Санкт-Петербургте БРИКС спикерлерінің кездесуі өтіп жатыр. Мұхаммад Бақер Қалибаф пен Қазақстан Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Санкт-Петербургте өткен БРИКС спикерлерінің кездесуі аясында кездесіп, әңгімелесті.

Бұл туралы осы аптада Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі де хабарлады.

«Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынастар көптеген салаларда қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті», деп жазды ирандық БАҚ.

Айта кетейік, өткен аптада «Parstoday» ақпарат агенттігінде «Қазақстан Елшісі Иран Президентінің міндетін атқарушыға сенім грамотасын тапсырды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланған болатын.

Қазақстан Елшісінің сенім грамотасын Иран Президентінің міндетін атқарушы Мохаммад Мохберға тапсыру рәсімінде, Мохаммад Мохбер Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің құрылуы Иран мен Қазақстан және аймақтағы басқа елдер арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге үлкен әсер етеді, деген. Ал Қазақстан Елшісі екі елдің жеке секторларын белсендіру өзара әлеуетті жандандыру үшін маңызды екенін айтқан.

Анталиядағы саябаққа Домбыра ескерткіші орнатылды — TRT

Анталиядағы Жамбыл Жабаев атындағы саябақта дәстүрлі музыкалық аспап домбыра ескерткіші орнатылды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Түркиялық БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, Кепез муниципалитетінің ұйымдастыруымен өткен шараға Анталия губернаторы Хулуси Шахин, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиев, Кепез қаласының мэрі Месут Кожагөз, Анталияда тұратын қазақстандықтар мен түрік ағайындар қатысты.

Аталған іс-шараға қатысқан губернатор Шахин беташар сөзінде «Домбыра күні» шарасы аясында Қазақстан халқымен қауышқанына қуанышты екенін айтқан.

Домбыраның Анадолыдағы бағлама, саз, кура және тамбур аспаптарының атасы екенін түсіндірген Шахин «Түрік мәдениеті мыңдаған жылдар бойы кең территорияға таралып, құрлықтар арасындағы үлкен бауырластық көпірі болды» деді.

«Өкілетті елші Сәпиев аптап ыстыққа қарамастан бауырлас екі ел өкілдерінің саябақта бас қосқанына қуанышты екенін атап өтті. Сәпиев «Домбыра қазір қазақтың аспабы ғана емес, бүкіл түрік әлемінің символы болып табылады. Орнатылған мүсін енді балаларымыз бен ұрпақтарымызға бауырмалдықтың, ынтымақ пен бірліктің символ болады» деді», деп жазады түркиялық басылым.

Сондай-ақ осы аптада «TRT» басылымында «Стамбулда «Домбыра күні» атап өтілді» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Қазақстанның Стамбулдағы Бас консулдығы Стамбулда «Ұлттық домбыра күнін» атап өтті.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Абай алаңындағы шарада алдымен Түркия мен Қазақстанның мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Қазақстанның Стамбулдағы бас консулы Нұриддин Аманқұл осында сөйлеген сөзінде домбыраны қазақ халқының мұрасы ретінде келешек ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталған. Шілде айының бірінші жексенбісінің «Домбыра күні» ретінде тойланатынын айтқан Аманқұл Стамбулдың Зейтинбурну мен Багжылар аудандарында ашылған домбыра курстарына қызығушылықтың зор екенін атап көрсетті.

Шарада домбыра курсында оқитын оқушылар шағын концерт қойған.

Өзбекстанға шетелден оқуға келгендердің саны 65 пайызға өсті — «ӨзА»

2024 жылдың қаңтар-мамыр айларында Өзбекстанға жалпыы 7400 шетел азаматы оқуға келген. Статистика агенттігінің мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9 мың адамға немесе 65,2 пайызға артқан, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында Өзбекстанға оқуға келген шетел азаматтарының қай елден келгені бойынша саны жарияланған. Атап айтқан Өзбекстанға шетелден келіп оқитындардың ең көбі Үндістан екен(2241 адам), екінші орында Түркіменстан (1937 адам). Одан ары қарай Тәжікстан(950 адам), Қырғыз Республикасы(450 адам) болып кете береді. Ал Қазақстаннан биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында Өзбекстанға оқуға 122 адам оқуға келген.

Париж Олимпиадасына қатысыатын Шыңжаңдық бес спортшының екеуі қазақ – CNR

Жақында Қытайдың әрбір өңірі Париж Олимпиадасына қатысу тізімін жариялады. 2024 жылы Парижде өтетін әлемдік додаға Шыңжаңнан 5 спортшы қатысады.

Бұл туралы Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық агенттігі Шыңжаң өлкелік спорт бюросына сілтеме жасап хабарлады.

Қытайлық басылымның дерегінше, төрт жылда бір өтетін әлемдік бәйгеге 25 миллионнан астам халқы бар Шыңжаңнан 5 спортшы іріктелген. Олар қытайлық ерлер боксынан 80 келі салмақтағы Тоқтарбек Таңатханұлы, жағажай волейболынан Қытай әйелдер құрамасының өкілі Ся Синьи, Қытай әйелдерінің садақ ату командасынан Ан Цисуань, еркін күрестен 97 келі салмақта Қытай құрамасы ерлердің еркін күрес шебері қандасымыз Кабиран Абушайманұлы және Қытай әйелдер баскетбол командасының ойыншысы Ву Тонгтунг.

Leave A Reply

Your email address will not be published.