30 жылдық белес: Ассамблея Қазақстан қоғамына не бере алды

0 2

23-24 сәуірде елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-сессиясы өтпек. Басқосуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып, институттың атқарған істері мен алдағы жоспарын талқыға салмақ. Көптеген жаңалықтардың куәсі боларымыз хақ. Осы тұста Kazinform-ның аналитикалық шолушысы Ассамблеяның өткені һәм бүгініне көз жүгіртіп, ел тарихындағы мән-маңызын бағамдап көрді.

Өлшеусіз еңбек, алғаусыз тілек
Сонау 1995 жылдың 1 наурызында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 30 жыл толып отыр. Тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған ұйымның мерейлі белесі аясында биыл 150-ден аса іс-шара ұйымдастырылмақ. Артық шығынға жол берілмейтіні қоса айтылған.

Ассамблея мүшелері іске асырып жүрген «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға қолдау беріліп, 2024 жылдың өзінде 1,7 млрд теңгеден аса көмек жасалғаны Мемлекет басшысының да назарын аударған. Былтырғы су тасқыны кезінде де институт құрамы белсенді болды. Бүгінде Ассамблеяның институционалдық әлеуеті нығайып, ұйым жетекшілері мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілетуге ат салысуда. Бұл бір жағынан ҚХА-ның 30 жылда өткен трансформациясының басты жетістігіне ұқсайды.

2008 жылғы 20 қазанда ҚР «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына қол қойылғаны белгілі. Осы заң этносаралық қатынастар саласындағы негізгі принциптерді айқындап, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрылымдарының мәртебесін заң деңгейінде бекітті. Яғни, мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме атанды.

Кейінгі 2-3 жылдықта атқарылған жұмыстар аз емес. Саяси реформалар бағдарламасы институционалдық өзгерістерді қалыптастырды. Ұйым парламенттік өкілеттіліктің жаңа тиімді құралына ие болды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен Парламент Сенатының 5 депутатын тағайындайды.

2023 жылдың маусым айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы құрылды. Бұл топтың құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің 30 депутаты, оның ішінде Сенаттан – 10 депутат, Мәжілістен 20 депутат кірді.

Еліміздің әр өңірінде бірлескен қызмет туралы меморандумдар негізінде көптеген жаңа қоғамдық жұмыс іске асырылуда. Қазір ел аумағында мыңнан астам этномәдени бірлестіктер қызмет атқаруда.

Облыстарда институттың жұмысын үйлестіретін 34 Достық үйі бар. Бұл Ассамблеяның көпфункционалды ресурстық орталықтары (интеграция, медиация және волонтерлік) және Ассамблеяның бірқатар республикалық және халықаралық жобаларын іске асырушы алаңдар саналады.

Дәстүрлер мен мәдениетті, интеграцияны, мәдениетаралық байланысты сақтауда Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының жұмысы үлкен рөл атқарып жатыр. Жаңағы аталған Достық үйлері 100-ден астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырды.

2023 жылы «Ақсақалдар кеңесі» құрылды. Еліміздің барлық өңірлерінде ҚХА жанынан 1119 Ақсақалдар кеңесі қызметін бастап, оның құрамына белгілі тұлғалар, қоғамдық пікір көшбасшылары, этномәдени, ардагерлер бірлестіктері және басқа да қоғамдық ұйымдар қатарынан 7639 мүше кірді.

Қазір ақсақалдар этномедиация, консультациялар мен азаматтарды қабылдау жұмыстарын тиімді жүргізіп, түзеу мекемелеріне барады, суицид пен діни экстремизмнің алдын алуға ықпал етеді. Ал бірқатар облыстарда Ақсақалдар кеңесі ауыз су мәселесін шешумен, жолдардың сапасын жақсартумен айналысады, балалар алаңын салуға көңіл бөледі.

Сонымен қатар институтқа қарасты Аналар кеңесінің қызметі де жанданды. 16 мыңнан астам адамнан тұратын 1713 Аналар кеңесі «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» ұлттық жобасын жүзеге асыруда. Олар отбасы институтын сақтауға және нығайтуға, рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеуге, жастар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағыт береді. Көпбалалы отбасыларға түрлі көмектер көрсетіледі, әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау береді.

«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі Мемлекет басшысының 2021 жылғы қазан айында ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес құрылды. Барлық өңірлерде жастар ұйымының өкілдіктері белсенді жұмыс істейді. Қазір 9 мың белсенді жас тартылған.

Бұдан бөлеңк, ҚХА-да 1294 медиатор тіркелген, 2023 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 2621 медиативтік келісім жасалған. Өткен жылы этномедитация бойынша семинар-тренингтерде 1380 тыңдаушы қамтылды. Олар превентивті саясаттың дамуына жағдай жасайтын кақтығысты жағдайларды реттеу бойынша білім мен білік дағдыларын қалыптастырады, медиацияны пайдаланудың техникасы мен механизмдерін оқытады. Этносаралық қатынастар саласында ғылыми-талдамалық және қолданбалы зерттеулер кешені жүргізіліп жатыр.

Өңірлерде 360-қа жуық сарапшыны біріктіретін 18 ғылыми-сарапшылық топ жұмыс істейді. Мысалы, 2023 жылы этносаралық салада 3 зерттеу жүргізілді, еліміздің 10 өңірінде мониторингтік топтар сапарға шығып, нақты зерттеулер әзірленді. Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері бойынша 23 кафедра, орталықтар мен өкілдіктер қызмет атқарады. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де ашылған ҚХА-ның тұңғыш кафедрасы өткен жылы 10 жылдығын атап өтті.

Осы күні этномәдени бірлестіктердің 15 тілде хабар тарататын 52 бұқаралық ақпарат құралы бар. «Араздық тіліне» қарсы әрекет ету бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 14 Достық елшісі бірлік пен келісімнің қазақстандық үлгісін ұсына отырып, басқа елдермен өзара ынтымақтастықты дамытуға ерекше үлес қосып келеді. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауға ат салысқандарға «Ел бірлігі» ордені табысталатынын да айта кеткен жөн. Осы тізгендеріміз Ассамблея жұмысының бір парағы ғана.

Әр этнос өкілінің рөлі маңызды
Бұл тұста институт мүшелігінен жұмысын бастап, қоғамға танылған азаматтардың да пікірін елеусіз қалдырмадық. Соның бірі – Парламент Сенатының депутаты Геннадий Шиповскихтың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан бергі 30 жыл – тарихи көзбен қарағанда көп емес, бірақ аз уақыт деуге де келмейді. Осы аралықта институт азаматтық қоғамның негізінде, бірегейліктің арқасында елдегі күллі этностың консолидациясын жасай алған.

– Бұл – өте үлкен жұмыс. Еліміздің тұрақтылығын, жасампаздағын қалыптастырды. Ассамблеяның ең үлкен жетістіктерінің бірі – осы. Еліміздегі қай ұлт өкілін алсаңыз да, қай елде жүрсе де бірлік пен қоғамдық келісімнің жолындағы жұмысын нәсихаттап, оның әрі қарай дамуына өз үлесін қосып жүреді. Сондықтан олардың әрқайсысының рөлі өте маңызды, – деді ол.

Ассамблея көпвекторлы ұйым болып саналады, идеологиялық бағытта көптеген жобалары бар. Бұнымен шектелмей, Шиповскихтың сөзінше, өзге елдермен байланыс орнатып, халықаралық дипломатияға үлес қосып жүрген, тіпті, елдер арасында әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайтуға ат салысып жүрген азаматтар бар.

– Мәселен, Қазақстанда тұратын кәріс немесе неміс секілді басқа да ұлт өкілдері өз атажұртындағы туыстарымен әлі күнге дейін араласады. Олар тұрып жатқан жерінің, яғни, Қазақстанның артықшылығын, жақсылығын нәсихаттап, кейде инвестиция тартуға септеседі. Бұл да Ассамблеяның бірден-бір артықшылығы, – дейді Сенат депутаты.

Ал Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Журналистер клубының төрайымы Елена Рыбина да Ассамблеяның ел бірлігі мен қоғамдық келісімді қамтамасыз ететін бірегей институт екенін атап өтті. Қазір ұйым ұлтаралық және мәдениетаралық толеранттылықты нығайтуда маңызды рөл атқаруда. Ұлтына қарамастан әрбір азаматтың өз Отанының толыққанды мүшесі екенін сезінуіне, өзара құрмет пен азаматтық бірегейлікті қалыптастыруға ықпал етеді.

– Қазір Қызылорда өңірінде 30-дан астам этнос өкілдері тұрады, 11 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың қызметі ұлттар арасындағы достықты нығайтып, мәдени байланыстарды дамытумен қатар, мемлекеттік саясатқа белсенді араласып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған. Облыстық ҚХА жанында Ақсақалдар мен Аналар кеңесі, «Ассамблея жастары» ұйымы, Журналистер клубы, ғылыми-сараптамалық топ, этномедиация кеңесі, «Жомарт жан» орталығы және ақпараттық-түсіндіру топтары бар. Бұл құрылымдар қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге ат салысып келеді, – дейді Елена Владимировна.

Оның айтуынша, әрбір азамат заң мен тәртіпті сақтап, мемлекеттік тілге, рәміздер мен мәдениетке құрметпен қарап, қоғамдық келісім мен бірлікті қолдауға тиіс. Егер осыны өмірлік ұстанымына айналдырып, ел игілігі үшін адал еңбек ете алса – шынайы мемлекетшілдіктің көрінісі. Ассамблеяның да басты миссиясы – осы мемлекетшілдікті нығайту.

– Өз басым Ассамблеяның бірнеше артықшылықтарын атап өтер едім. Біріншіден, барлық этнос өкілдері өз ойларын ашық айта алатын, еркін араласып, мәдениетін бөлісіп, қоғамдық мәселелерді бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік беретін кеңістік. Екіншіден, ҚХА ұлттар арасындағы келісімді нығайтып отыр. Үшіншіден, білім және тәрбие беруде қызметі зор. Және Ассамблея еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттырып жатыр. Қазақстанның этносаралық келісім моделі ЕҚЫҰ-ның 56 тіліне аударылып, 20-дан астам ел тарапынан зерттелуде.

Сайып келгенде, біз түрлі ұлт өкілі болуымыз мүмкін, түрлі мәдениет өкілдеріміз, бірақ бәріміздің мақсатымыз бір – Қазақстанның бейбіт өмірі мен болашағының жарқын болуы. Бұл жолда Ассамблея маңызды миссиясын абыроймен атқарып келеді, – деп қорытындылады Елена Рыбина.

Қорыта айтқанда, өңір-өңірде тынымсыз еңбек етіп, азаматтық қоғамның іргетасы берік болуына септесіп жүрген тұлғалар жетерлік. Барлығының тілегі бір – жік-жікке бөліну емес, тұтас мемлекеттің келешегі. Ассамблея халықтың бірлігі мәселесіне келгенде әлі де көп дүние бере алатыны анық.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.