Мемлекет басшысы Польша президентіне құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кароль Тадеуш Навроцкийді Польша президенті болып сайлануымен құттықтады.
— Еліңіздің әлеуметтік-экономикалық дамуын баянды етіп, халқыңыздың ырыс-берекесін еселеу жолындағы игі бастамаларыңыз бен қолға алған жоспарларыңыздың табысты жүзеге асуына шынайы тілектеспін. Қазақстан мен Польша арасындағы дәстүрлі достық пен өзара түсіністік рухындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында Өзіңізбен бірлесе күш-жігер жұмылдыруға дайын екенімді растаймын, — деп жазылған жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кароль Тадеуш Навроцкийдің аса жауапты қызметіне сәттілік, достас Польша халқына құт-береке тіледі.
Бұған дейін Польшадағы президент сайлауының екінші турындағы дауыстардың 100 пайызы өңделгені хабарланды. «Құқық және әділет» өкілі К.Навроцкий 50,89 пайыз (10 606 628 дауыс), ал оның қарсыласы, Варшава мэрі Рафал Тшасковский 49,11 пайыз (10 237 177 дауыс) жинағаны белгілі болды. Осылайша Кароль Навроцкий Польшаның жаңа президенті болды.