Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен барады. Ел басшылары түрлі деңгейде келіссөз жүргізіп, қазақ-түрік стратегиялық серіктестігін нығайту мәселесін талқыламақ. Сапар барысында Президент Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғарғы деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің V отырысына қатысады деп жоспарланған. Kazinform тілшісі екіжақты мәміленің қазіргі нәтижесі мен болашақ басымдықты сараптап көрді.
Саяси ынтымақтастық сатысы
Қазақстан мен Түркияның бауырластығы бұрыннан берік. Егемендік есігі ашылған сәтте алғаш қолдау білдіргендердің бірі де осы ел еді: 1991 жылғы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін бірінші болып мойындады. 1992 жылдың 2 наурызында дипломатиялық қатынас орнап, қазан айында Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ашылды. Қазір Ыстанбұлда және Анталияда Бас консулдық, сондай-ақ Денизли, Алания, Бурса, Битлис, Хатай, Кония және Мерсин қалаларында 7 құрметті консулдық жұмыс істейді. Түркияның Алматы, Ақтау, Түркістанда Бас консулдықтары, Шымкентте құрметті консулдығы бар.
Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап Қазақстан президенттері Түркияға 20-дан астам мемлекеттік, ресми және жұмыс сапарымен барған. 2019 жылдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен түрлі деңгейде 14 кездесу өткізді. Соңғы жүздесу биыл Будапеште – Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде жүзеге асқанын білеміз.
Осы саяси диалогтер нәтижесінде үкіметаралық ықпалдастық жоғары деңгейге бет алды. Қазақстандық делегация ұдайы бауырлас елдің Парламент басшылығымен байланысып, сауда-экономика, мәдени-гуманитарлық, әскери-техникалық мәселелерді талқылап келеді. Бұл бағытта Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТҮРКПА) жемісті еңбек етіп отыр.
Қазақстан мен Түркияның халықаралық-құқықтық құжаттары ауқымды: 2009 жылы Стратегиялық әріптестік туралы келісім, 2012 жылы Жоғары стратегиялық ынтымақтастық кеңесін құру, 2022 жылы Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылған.
Әсіресе, Астананың бастамасымен құрылған Түркі мемлекеттері ұйымы қос ұлтты жақындатуда қозғаушы күшке айналды. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Әлия Мұсабекованың айтуынша, мемлекетаралық байланыстың дамуына дәл осы ұйымдағы ықпалдастық серпін берді.
– Түркия – Қазақстанның негізгі сыртқы саяси серіктестерінің бірі. Бізді ортақ мәдени-тарихи жад, стратегиялық мүдде байланыстырады. Екі ел Түркі мемлекеттері ұйымында негізгі рөл атқарып, түркілердің көпвекторлы ынтымақтастық идеясын белсенді ілгерілетіп отыр. Сол арқылы әлемге өздерін түркі әлемінің мұрагер елдері ретінде таныта алды, – деді сарапшы.
Қос халықтың халықаралық аренадағы ұстанымдары да мәндес. Бір-бірінің бастамасына қолдау білдіріп, жанашыр көңілін күні бұрын көрсету дәстүрге айналған. БҰҰ, ИЫҰ, ЕҚЫҰ, АӨІСШ, ЭЫҰ секілді ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастығы сейілген емес.
Саудадағы серпін: Түркияға рекордтық көлемде инвестиция құйылды
Түркия Қазақстан экономикасына мол қаржы құйған негізгі инвесторлардың қатарына кіреді. Қазір еларалық тауар айналымының көлемін 10 млрд АҚШ долларына жеткізу жоспарда. Кейінгі геосаяси ахуалдар бұл межені ерте орындауға мүмкіндік бермегенімен, жыл сайынғы статистикада өсім байқалады. Мысалы, өткен жылы екіжақты сауда көрсеткіші 5 млрд АҚШ долларға жуықтады.
Биылғы аяқалыс та жаман емес. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қос тарап қаңтар-мамыр аралығында 1,9 млрд АҚШ долларына сауда жасаған. Экспорттың дені шикізатқа тиесілі:
мыс және катодтар (622,5 млн АҚШ доллары)
шикі мұнай (469,3 млн АҚШ доллары)
мұнай өнімдер (78,4 млн АҚШ доллар)
пропилен полимерлер (34,5 млн АҚШ доллары)
кептірілген көкөністер (21,2 млн АҚШ доллары)
көмір (19,7 млн АҚШ доллары)
өңделмеген алюминий (9,9 млн АҚШ доллары) сатылған.
Түркиядан жеткізілетін өнімдердің қатары белгілі. Олар бөлшек саудаға арналған дәрілік заттар, киім-кешек, кілемдер мен еден жабындылары, құрылыс материалдары мен тұрмыстық техникалар әкеледі.
Екі ел тауар айналымының ауқымын ұлғайту үшін балама логистикалық шешімдерді қарастыруға көшкен. Мысалы, алдағы уақытта Түркия Қазақстанда 100 млн долларға логистикалық терминалдар желісін салуға ниеттеніп отыр. Оған қоса Таяу Шығыстағы қақтығыс Ормуз бұғазына әсер етсе, Орта дәліздің әлеуетін толық пайдаланбақшы.
Айта кетерлігі, ғалам Түркияның өнеркәсіп әлеуетін жоғары бағалайды. Түркия көкөніс өнімдерінің негізгі жеткізушілерінің бірі: жаңғақ, шие, өрік және бұршақ жеткізу бойынша әлемде көш бастап тұр. Еуропада пластмасса өндірісі бойынша үшінші орында болса, бояу өндірісі бойынша алтыншы орынға тұрақтаған. ҚСЗИ сарапшысы сарапшысы Әлия Мұсабекованың пікірінше, Қазақстан мүмкіндікті пайдаланып, ірі нарықты еңсеруге қам жасауы шарт.
– Түркия негізгі сауда серіктесіміз ретінде маңызға ие. Оған қоса, отандық тауарды ең көп тұтынып отырған 5 мемлекеттің қатарына кіреді. Мысалы, өткен жылы екі елдің тауар айналымы 5 млрд доллар болды, оның 3,3 млрд доллары – Түркияға экспортымыз, 1,7 млрд доллары – импорт көрсеткіші.Осылайша, сауда профицитін жауып, біздің өнімге деген тұрақты сұранысты қамтамасыз етіп отырмыз.
Алайда экспортың көбі көмір, мұнай, мұнай өнімдері, металдар (қорғасын, мыс, мырыш), сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен өнімдері екенін ескеру орынды. Егер расымен мемлекетаралық сауда айналымын 10 млрд АҚШ долларына жеткізуді мақсат етсек, экспорттық желіні кеңейту қажет. Мәселен, түрік әріптестерімізді өнеркәсіптік жабдықтар саласы арқылы қызықтыра алатынымыз сөзсіз, – деді спикер.
Шынында ел билігі мұндай мүмкіндікті құр жібермейтіні анық. Қазірдің өзінде ауқымды қадам жасалып отыр. Биыл қаңтар-сәуір айларында Қазақстан түрік экономикасына 610 млн АҚШ долларын құйған. Төрт айдағы рекордтық көрсеткіш Анадолы еліне инвестиция салған кез келген елден асып түсті. Қазақстан Түркия экономикасына 2023 жылы – 8 млн АҚШ долларын, өткен жылы жылы – 24 млн АҚШ долларын тікелей инвистиция есебінде салғаны бар.
Жалпы, 2005-2024 жылдары түріктер ел экономикасына 5,2 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салыпты. Сауда, құрылыс және қызмет көрсету салаларында түрік капиталының қатысуымен 3 538 кәсіпорын жұмыс істейді. Құны 3 млрд доллардан асатын 78 бірлескен жоба іске асырылған, тағы 39 жоба кезегін күтіп тұр.
Түркияда 12 мыңнан астам отандасымыз білім алады
Тарихы тамырлас ұлттардың бір-біріне жақындай түсуі заңдылық. Осы орайда, Түркия мен Қазақстанның мәдени-рухани қарым-қатынасы, білім мен ғылымдағы селбесе қадам басуы ілгерілеп келеді. Оны алдымен туризмнен байқауға болатындай. Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің мәліметінше, өткен жылы Қазақстаннан Түркияға 863 мыңнан астам саяхатшы барған. Бұл статистика 2023 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға көп.
Қазақстанға ат басын бұратын түріктердің де қатары жыл санап ұлғайғанын көрдік. TravelPress.kz сайтының мәліметінше, өткен жылы Қазақстанға 130 мың түркиялық азамат келген. Бауырлас ел өкілдері көп келетін шетелдік туристер ішінде үшінші орынға жайғасқан. Үкімет еларалық туризмді дамыту мақсатында түркиялық азаматтарға визасыз болу мерзімін 90 күнге дейін ұзартуды жоспарлауға көшкен.
Ел азаматтарының білім беру саласында қызығушылығы жоғары. Қазіргі таңда 12 мыңнан астам отандасымыз Түркияда білім алып жүр. Олардың көбі «Болашақ» және Türkiye Bursları бағдарламасымен оқуға түскен. Мысалы, 2024-2025 оқу жылында 300 қазақстандық Türkiye Bursları грантын жеңіп алды.
Президент сапары барысында екі елдің Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің V отырысы өтеді. Бұл шара бұған дейін қолға алынған жобалардың себепшісі болды десек артық емес. Алғашында халықаралық уағдаластық алаңы болған кеңес 2012 жылы стратегиялық статусқа өтті. Әрбір басқосуда нақты шешімдер мен маңызды мәселелердің күрмеуі шешіліп отырғанын айта кету керек. Мысалы, үш жыл бұрын ұйымдастырылған IV отырыста сыртқы саясат, инвестиция, көлік-логистика, энергетика және әскери өндіріс салаларындағы бастамалар қолға алынды.
Биылғы кездесу осы салаларға дендей енетін сәт болмақ. Бұдан өзге Орта дәлізді дамыту, қоғаныс өнеркәсібін жетілдіру, БАҚ пен мәдени жобаларды ілгерілету жайы талқыланады деген болжам бар. Мұны өткен жылы Режеп Тайип Ердоған да тұспалдаған болатын. Ол Бакуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен болған әңгіме барысында талқы тақырыбын тізген еді.
«Қадірлі бауырым, келесі жылы Анкарада өтетін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысы барысында ауыл шаруашылығы, қорғаныс, энергетика, көлік-логистика, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салаларда маңызды келісімдерге қол жеткізетінімізге сенімдімін. Біз Қазақстанмен арадағы сауда айналымын 15 миллиард долларға дейін арттыруға ұмтыламыз», – деді Түркия президенті.
Сарапшылардың ойынша, Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесте қорғаныс мәселесі көтерілуі мүмкін. Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығы, әскери білім беру және қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласында жаңа жобалардың куәсі болуымыз ғажап емес. Себебі қорғанысты жетілдіруге итермелейтін геосаяси себеп көбейіп келеді. Оның үстіне бірлескен қорғаныс кәсіпорындарының қатары көп.
– Әскери-саяси кооперацияда зор әлеует жатыр. Биыл әскери білім беру, тәжірибе алмасу, медициналық даярлық, бірлескен бітімгершілік және оқу-жаттығу іс-шаралары жүзеге асты. Сондай-ақ қорғаныс өнімдері, соның ішінде пилотсыз ұшақ өндірісін қамтитын әскери ынтымақтастық жоспары бекітіліп, қол қойылды. Киберқауіпсіздік және терроризмге қарсы күресте тәжірибе алмасу саласындағы байланыстар нығайып келеді. Алдағы кездесу салаға өзгеріс әкелетіні анық, – деп толықтырды Әлия Мұсабекова.