Қазақстан мен Иордания арасында бірқатар маңызды құжаттар қабылданды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн жүргізген келіссөздерден кейін екі ел делегацияларының мүшелері қол қойылған үкіметаралық және коммерциялық құжаттармен алмасты, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Иордания Королін қарсы алды.
Президент Қазақстан Иорданиямен өзара тиімді серіктестікті ілгерілетуге айрықша мән беретінін айтты.
Өз кезегінде Иордания Королі Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілету жолындағы рөлін жоғары бағалайтынын атап өтті.
Мемлекет басшысы Тоқаев пен Король ІІ Абдалла шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Осыған дейін Иордания Королі ІІ Абдалла Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Иордан Хашимит Корольдігінің «Әл-Нахда» жоғары орденін тапсырды.