Жамбыл облысында медициналық кадр тапшылығын шешуде кешенді шаралар қабылдануда

0 5
Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығын жою мақсатында кешенді шаралар қолға алынуда. Жергілікті бюджет есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді мамандарды даярлауға арналған гранттар жыл сайын бөлініп келеді.
2019–2024 жылдар аралығында резидентураға барлығы 157 грант қарастырылды. Ал 2025–2026 оқу жылына еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, тағы 31 грант бөлінді.
Қазіргі таңда 62 дәрігер резидентураны тәмамдап, өңірлік медициналық мекемелерде кемінде 5 жыл еңбек ету міндеттемесімен жұмысқа орналасты. Сонымен бірге 84 жас маман резидентурада оқып жатыр, 11 резидент әлеуметтік демалыста.
Медицина қызметкерлерін тұрақты жұмыс істеуге ынталандыру үшін әлеуметтік қолдау шаралары іске асырылуда.
Биыл 41 маманға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 367,3 млн теңгеге дейін бюджеттік несие беру , 129 маманға жалпы сомасы 47,6 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төлеуге қаржы бөлінді.
2024 жылғы 24 сәуірде облыстық мәслихаттың шешімімен біржолғы әлеуметтік қолдау мөлшері жаңартылды:
  • ауылдық елді мекендерге, кенттерге, моноқалаларға және аудандық маңызы бар қалаларға жіті тапшы мамандарға – 8,5 млн теңге;
  • осы өңірлерге барған өзге мамандарға – 1,2 млн теңге;
  • Тараз қаласына келген мамандарға – 800 мың теңге.
Жергілікті әкімдіктер де қосымша қолдау тетіктерін ұсынып отыр.
Бірқатар ауданда коммуналдық қызмет, отын, су және көмір шығындарын өтеу үшін 5 АЕК көлемінде көмек көрсетіледі.
Талас ауданында жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарда бар.
Қордай ауданында бірінші жұмыс жылында жалдамалы пәтер ақысы өтеледі.
Мемлекеттік қолдау мен жергілікті бастамалардың өзара үйлесуі Жамбыл облысында медициналық кадр тапшылығын жүйелі шешуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл шаралар өңір тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтуға жол ашады.
Leave A Reply

Your email address will not be published.