Президент тапсырмаларын жүзеге асыру және өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі өңірлік даму тұжырымдамасын бекітті.
Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты.
Оның сөзінше, құжат халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және макроөңірлер мен дамудың басты бағыттары негізінде өңірлердің экономикалық әлеуетін ашуға бағытталған.
Бұл – агломерациялар, моноқалалар, тіреу ауылдар және жаңа Алатау қаласы. Құжатта әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымына қол жеткізудегі теңсіздіктерді азайтуға ерекше көңіл бөлінеді.
— Бүгінде Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, елді мекендердің қамтамасыз етілу деңгейі 64%-ды құрады. Ал 2028 жылға қарай 70%-ға дейін өсу болжануда. Бұдан бөлек, 2030 жылға қарай елдегі жалпы ішкі өнімде шағын және орта бизнестің қосатын үлесі 40%-ға дейін жетпек, — деп атап өтті Бауыржан Омарбеков.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының 2025-2030 жылдарға арналған өңірлік даму тұжырымдамасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатқаны хабарланған еді.