Өнеркәсіптік кәсіпорындардың 1,3 млрд теңгеге жуық шығындары өтелді

0 2

2025 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша мемлекет кәсіпорындардың 1 млрд 271 млн 409 мың теңгеге шығындарын өтеді. 

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Бизнесті ынталандыру дирекциясының деректеріне сәйкес, кәсіпорындарға еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған қаржыларының бір бөлігі өтелді.

– Өтінімдердің басым бөлігі еңбек өнімділігін арттыруға жұмсалған шығындарын өтеу бойынша түскен. Оған өндірістегі технологиялық процестерді жетілдіру, өндірісті жаңғырту және цифрландыру, жаңа техникалық жабдықтар сатып алу, сондай-ақ қызметкерлерді оқыту мен олардың біліктілігін арттыру жұмыстары жатады. Осы шаралар бойынша кәсіпорындардың жалпы сомасы 1 млрд 268 млн 775 мың теңгеге 86 өтінімі мақұлданды, — делінген Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарламасында.

Бірінші бағыт бойынша ең көп өтінім Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы, сондай-ақ Алматы мен Павлодар облыстарындағы өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарынан түсті. Салалық бөліністе бұл – машина жасау, металлургия өнеркәсібі, АӨК, жиһаз және құрылыс материалдары өндірісі кәсіпорындары.

Екінші бағыт бойынша – өнімді ішкі нарықта ілгерілетуге жұмсалған шығындарды өтеу аясында – жалпы сомасы 2 млн 633 мың теңге құрайтын өтінімдер мақұлданды. Бұл бағытта кәсіпорындар өнімнің сәйкестігін растауға байланысты шығындарының бір бөлігін (өнімдер мен қызметтердің сәйкестігін бағалау, сертификаттау және зертханалық сынақтар, инспекциялық аудит пен бақылау, сертификаттарды тіркеу, ұзарту және қайта ресімдеу) өтей алады. Ал жеңіл өнеркәсіп субъектілеріне – аяқ киім өнімін таңбалауға жұмсалған шығындарды (сәйкестендіру құралдарын сатып алу, таңбалауды басып шығару қызметтерін төлеу, таңбалау үшін жабдық пен бағдарламалық жасақтама сатып алу) өтеу қарастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, QazIndustry кәсіпорындардың технологиялық процестерді жетілдіруге, өндірісті жаңғыртуға және өнімді ілгерілетуге байланысты шығындарының 40-50 %-ын өтейді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.