Бүгін сағат 10:00-де Үкімет үйінде Үкімет отырысы өтеді. Басты тақырып Президент Жолдауын іске асыру жайы болмақ.
Айта кетейік, кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті. Осы Жолдауда Министрлер кабинеті алдына қадау-қадау тапсырмалар жүктелген еді. Енді бүгін министрлер осынау стратегиялық құжаттағы өздері басқарып отырған ведомствоға қатысты тапсырмалардың қалай іске асырылатынын баяндамақ.
Мәселен, Президент жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажеттігін, ол үшін Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн екенін айтты. Осы мақсатта қазіргі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, оны Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқармақ. Аталған бағытта қолға алынатын іс-шаралар жайында қазіргі Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасауы мүмкін.
Мемлекет басшысы тоқталған маңызды міндеттердің бірі – ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру. Ал озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы, әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек. Мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастау қажет. Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары болғаны жөн. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс. Бұл мәселелер жөнінде отырыста Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров сөз сөйлеуі ықтимал.
Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды бағыт — көлік-логистиканы одан әрі дамыту. Ол үшін «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі, «Шығыс – Батыс» дәлізі, Транскаспий көлік бағыты сияқты негізгі дәліздер аясында автомобиль жолдарын дамытуға баса мән беру, көлік жүйесін басқарудың жаңа үлгісін жасау қажет. Жолдаудағы осы және өзге де тапсырмалардың қалай орындалатыны жайында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев есеп беруі мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейтіндігіне айрықша назар аудартты. Бұл бағытта мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу, ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын қалыптастыру қажет. Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеу керек.
Жоғары білім саласында жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беру, дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдау, білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу қажет. Білім саласындағы бұл тапсырмаларға қатысты қандай іс-шаралар қолға алынатындығына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тоқталмақ.
Жалпы, Үкімет отырысы барысында барлық дерлік министр баяндама жасап, Жолдау аясында туындайтын тапсырмалардың қалай орындалатыны жайында толыққанды мәлімет береді.