Мәжіліс ең төменгі жалақыны жүйелі арттыруды көздейтін заң жобасын қарайды

0 2

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар ең төменгі жалақыны жүйелі түрде арттыруды көздейтін заң жобасын талқыға салып, тағы бірқатар заң жобасын жұмысқа алады.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен 5 қыркүйекте өткен Бюро отырысында бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланған еді. Соған сәйкес, депутаттар «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды.

Айта кетерлігі, Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенция (131-конвенция) 1970 жылы 3 маусымда Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясында қабылданды. Қазіргі кезде конвенцияны ХЕҰ-ға мүше 54 мемлекет ратификациялады. ТМД мемлекеттері ішінде Армения, Әзербайжан ғана ратификациялап үлгерді. Конвенцияның мақсаты — еңбек жағдайлары осындай жүйені қолдануға болатын жалдамалы жұмыс істейтіндердің барлық тобын қамтитын ең төмен жалақыны белгілеу. Құжат экономикалық қызметтің барлық саласына және жұмыскерлердің барлық санатына қолданылады. Жалпы, заңнама конвенцияның ережелеріне сәйкес келеді.

Конвенцияны ратификациялау ең төмен жалақыны белгілеу бөлігінде халықаралық стандарттарды одан әрі енгізуді қамтамасыз етеді және Қазақстанның осы саладағы халықаралық нормаларды сақтау мен орындауға бейілдігін растайды.

Мәжілістің талқылауына шығарылатын келесі заң жобасы – Қазақстан мен Қатар Мемлекетінің үкіметтері арасындағы Қазақстаннан келген жұмыскерлерді Қатарға жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісім. Бұл келісімге 2024 жылдың ақпанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тамим бен Хамад әл-Танидің келіссөздерінің нәтижесінде қол қойылған еді. Енді ұлттық рәсімдерге сәйкес одан әрі Парламент тарапынан ратификациялануы тиіс.

Келісім Қатарда жұмыс істейтін немесе жұмыс істеуді жоспарлап отырған қазақстандықтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауға бағытталған. Оған Қазақстаннан еңбекшілердің құқықтарын қорғау және жұмысқа орналасу үшін қажетті жағдайлар жасайтын ұйымдастырушылық және құқықтық жағдайлар кіреді.

Құжат аясында қазақстандықтарға Қатардағы жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде заңды жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі. Іс-қимылдарды үйлестіру, білікті жұмысшыларды тарту және еңбек дауларын шешу үшін Қазақстан мен Қатар арасында Бірлескен комитет құрылады.

Мұнан бөлек, жалпы отырыс барысында Мәжіліс комитеттері бірқатар заң жобасын жұмысқа алады. Олардың қатарында, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», Перумен ұстап беру және сотталған адамдарды беру, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттарды ратификациялау, Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясы, сондай-ақ 1992 жылғы Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттама бар.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасын қарауға қабылдады.

Сайлау жүйесін жетілдіруге қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін әзірленген Конституциялық заң жобасының негізгі мақсаттары мыналар:

Мәжіліс депутаттығына бір кандидатты бір сайлау округінен артық сайлау округінде ұсынуға тыйым салу;
бір адамды бір мезгілде Мәжіліс пен мәслихаттың бір мандатты округтері бойынша да ұсынуға тыйым салу;
әкімге кандидаттың сайлау қорын құру, президенттікке, депутаттыққа, әкімге, сайлау комиссиясы мүшесіне кандидаттарға ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша соттылығының болмауы бойынша талаптарды күшейту;
үгіт-насихат мәселелерін және тағы басқа мәселелерді реттеу;
сайлау өткізу рәсімдерін жетілдіру;
сайлау заңнамасының нормаларын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілігін енгізу.
Сондай-ақ депутаттар Армения үкіметімен арадағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық және сапарлар мен азаматтардың болу тәртібі туралы келісімдерді ратификациялады.

Осылайша, мемлекет азаматтарының елде 30 күн болғаннан кейін полицияда тіркелу міндеті енгізіледі. Бұл көші-қон бақылауының тиімділігін арттырады. Сондай-ақ келісімде ұлттық заңнамаға сәйкес 90 күннен астам елде болу мүмкіндігі көзделген. Ол үшін уақытша тұруға рұқсат алу жеткілікті. Нәтижесінде екі жақ үшін визалық режим жойылады. Бұл азаматтардың елге келу кезінде шығындарын азайтады.

Елге кіру үшін қажетті құжаттар тізбесіне мыналар енгізіледі:

Армения азаматтары үшін сәйкестендіру картасы;
Қазақстан азаматтары үшін жеке куәлік.
Жалпы отырыстың күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралып болғаннан кейін мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 12 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, депутат Болатбек Нәжметдинұлы Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында «Таза парақтан» реформасының ойдағыдай іске аспай жатқанын атап көрсетті. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза парақтан» реформасының іске асырылу деңгейіне кешенді баға беру қажет деп есептейді.

— Мемлекеттік органдардың заң жобаларын және нормативтік-құқықтық актілерді дайындаған кезде мақұлдату рәсімдерін сақтауына, оның ішінде реттеушілік әсерге талдау жүргізудің дұрыстығы мен сапасына тексеру жүргізу керек. Үкімет жанындағы кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қызметіне баға берілсін. Салалық министрліктердің үстемдігін болдырмау үшін Парламент депутаттары комиссияның жұмысына міндетті түрде қатысуы керек, — дейді Мәжіліс депутаты.

Ал Бақытжан Базарбек Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдап, Алматы іргесіндегі құйқалы телімдерді түгендеуді талап етті.

— Алматы қаласының Медеу, Бостандық және Наурызбай аудандары бойынша менің мемлекеттік органдармен жазғы рейдтерімде тау жоталарын заңсыз бөліп алу, өзендер мен жылғаларды рұқсатсыз бітеу, Іле Алатауының бүкіл бөктеріне жаппай құрылыс салу фактілері анықталды, — деді ол.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.