Жамбыл облысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленеді

0 5
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттерді талқылап, оларды орындау жолдарын пысықтау мақсатында кеңейтілген кеңес өткізді.
Басқосуға құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, басқармалардың басшылары, мәслихат депутаттары, саяси партиялар, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ жастар қатысты.
– Мемлекет басшысының Жолдауы Қазақстанның бүгініне серпін, ертеңіне берік негіз болары сөзсіз. Маңызды құжатта айқындалған жеті басымдықтың әрқайсысы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыттар.
Ел Президенті Жолдауда жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізуді экономиканы жаңғыртудың басты тірегі ретінде айқындады. Бұл – еңбек өнімділігін арттыруға, мемлекеттік басқару жүйесіндегі бюрократиядан арылып, оның тиімділігін көтеруге және жаңа сапалы өрлеуге жол ашатын стратегиялық қадамдардың бірі, – деді облыс әкімі.
Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалқар Амантұровтың айтуынша, өңірде Smart Region стратегиясы әзірленеді. Бұл бастама облыстың барлық елді мекендерін қамти отырып, әлеуметтік-экономикалық салаларды толық цифрландыруға бағытталған.
Білім беру ұйымдарына жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі FaceID технологиялары енгізілуде. Қазіргі таңда 630 білім беру мекемесінде орнатылған «ақылды бейнебақылау» жүйелері балалардың қауіпсіздігін арттыруға ықпал етуде. Денсаулық сақтау саласында қатерлі ауруларды ерте диагностикалау құралдары енгізілсе, жер қатынастары мен құрылыс саласындағы деректер ЖИ арқылы талданып, тиімді шешімдер қабылдауға жол ашуда.
Облыс аумағындағы 2 000 бейнебақылау камерасы полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылып, күдікті тұлғаларды анықтауға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар мемлекеттік органдардың халықпен байланысын нығайту мақсатында азаматтардың өтініштерін талдау бағытында жаңа пилоттық жобалар жүзеге асуда.
Мемлекет басшысының «алдағы үш жыл ішінде Қазақстан жаппай цифрлық мемлекетке айналуы тиіс» деген тапсырмасын еске салған Ербол Қарашөкеев бұл бағытта жауапты басқармаға нақты әрі нәтижелі ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев инвестиция тарту бағытындағы міндеттер жөнінде мәлімет берді.
Облыста шетелдік инвестиция тарту бойынша ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 2025–2029 жылдары аралығында іске асырылатын, жалпы құны 3,5 трлн теңгеден асатын 46 отандық және 16 шетелдік инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды.
Биыл құны 175,2 млрд теңге болатын 30 жоба жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар 1,1 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Инвестициялық саясатты тиімді жүргізу мақсатында «Zhambyl Invest» дербес мекемесі құрылды. Ол инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіп, жобаларын іске асыруға жағдай жасауда.
Ербол Қарашөкеев Жолдауда атап көрсетілгендей, инвестициялық саясатқа жаңа көзқарас қажет екенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына сәйкес өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуды, ірі кәсіпорындармен қатар шағын және орта жобаларды қолдауды, арнайы экономикалық аймақтардың, субаймақтардың жұмысын жандандыруды міндеттеді.
Бұдан бөлек, өңірде адами капиталды, өңдеу өнеркәсібін, көлік логистикасын, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты бірқатар басқарма мен департамент басшыларының баяндамалары тыңдалды.
– Бізге артылған жүк ауыр, оған барлығымыз үлкен жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Түптеп келгенде, біздің басты мақсатымыз – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Алдымызда атқарылатын іс көп. Жолдаудан туындайтын оң өзгерістердің игілігін әрбір тұрғын сезінуі қажет, – деп сөзін түйіндеді өңір басшысы.
Облыс әкімі кеңестің қорытындысы бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.