2025-2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын (ЭКСЖ) іске асыру басталды

0 2

Бүгін Астанада «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы: қазақстандық бизнес үшін мүмкіндіктер» тақырыбында конференция өтті. Оған мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, табиғи монополиялар субъектілерінің, отандық тауар өндірушілердің, мердігер ұйымдардың және ЭКСЖ жеткізушілерінің 250 өкілі қатысты.

Конференцияның пленарлық отырысын аша отырып, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев инфрақұрылым сапалы болмай, экономикалық және индустриялық өсім, қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру мүмкін емес екендігін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Қазақстан халқына Жолдауында қордаланған инфрақұрылымдық мәселелерді кешенді түрде шешудің маңыздылығын айтты. Аталған мәселелерді шешу мақсатында былтыр желтоқсан айында Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртуға» бағытталған ұлттық жобаны бекітті.

Алдын ала бағалау бойынша, Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін 5 жыл және одан да ұзақ мерзімге 86 мың шақырым коммуналдық желіні жөндеу мен салуға, сондай-ақ жалпы қуаты 7,3 ГВт болатын қосымша генерация көздерін іске қосуға 13 трлн теңгеден астам инвестиция тарту қажет.

«Бүгінгі таңда қаржы институттары тарапынан ұзақ мерзімді және қолжетімді несиелеуді кедергісіз тартуды қамтамасыз ететін барлық қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды. Қазір біз Ұлттық жобаны іс жүзінде жүзеге асыру кезеңіне өттік. Биыл пилоттық режимде табиғи монополиялардың 48 субъектісі бойынша жалпы сомасы шамамен 144 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылуда», — деді Қанат Бозымбаев.

Ұлттық жобаны іске асыру мақсатында «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері шығарған облигацияларды 22,5 миллиард теңгеге сатып алды.

Қазақстанның Даму Банкімен де қатар жұмыс жүргізілуде, қазіргі уақытта пилоттық жобалар бойынша сараптамалардың аяқталуына аз қалды.

Халықаралық қаржы институттарымен қарқынды түрде келіссөздер жүргізілуде. Мысалы, ЕҚДБ Ақтөбе облысында кәріз-тазарту құрылыстарын салу бойынша жобаларды іске асыруда.

2025 жылдың соңына дейін келесі жылға қажеттіліктерді қаржыландыру көздерін анықтау бойынша жұмыс белсенді басталады. Сонымен қатар сатып алу және жобалау рәсімдері басталмақ.

«Қаржыландыру бюджет, нарықтық көздер, оның ішінде халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаттары мен тариф есебінен іске асырылады, тарифтің жоспарлы әрі біртіндеп өзгеруі де қарастырылады. Ұлттық жоба аясында халықаралық тәжірибеге сәйкес келетін жаңа сатып алу рәсімдерінің тетіктері енгізіледі. Жобаларды EPC-мердігерлері жүзеге асырады немесе жобалау мен құрылыс барысында консорциум құрылады», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Отандық тауар өндірісін дамытуға ерекше назар аударылды. Бұл импортқа тәуелділікті төмендетіп қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ бюджетке түсетін салық көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін конференция аясында екі панельдік отырыс және пікірталас сессиясы өткізілді.

«Жобалар архитектурасы: оператордың күтуі және қаржы нарығының мүмкіндіктері» атты бірінші отырыс техникалық оператордың рөлі және қаржыландыру құралдары туралы ақпаратқа арналды.

«ЖЭК және баламалы энергетиканы дамыту: отандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізушілер үшін жаңа тауашалар» атты екінші панельдік отырыс жаңартылатын энергия саласындағы негізгі алдағы жобаларды таныстыруға және отандық жеткізушілерге арналған маңызды мүмкіндіктерді ашуға бағытталды.

«Нарық қатысушылары генерациясын дамыту және жаңарту кезіндегі нарық ойыншыларының өзекті мәселелері» атты пікірталас секциясы ұлттық жобаны нарық тұрғысынан іске асыру кезінде болуы мүмкін кедергілерді талқылауға бағытталды. Сонымен қатар табиғи монополиялар субъектілерін, электрмен жабдықтаушы кәсіпорындарды, отандық мердігерлер мен жеткізушілерді біріктіретін қауымдастықтар ұсынылды.

Конференцияның басты тақырыбы – бизнес-процестердің ашықтығы мәселелері болды. Жұмыстардың мерзімі мен сапасын бақылау жасанды интеллект мүмкіндіктерін ескере отырып, ұлттық жобаның электрондық платформасында жобаларды іске асыру кезеңдерін толық цифрландыруды қолдану арқылы қамтамасыз етіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.