Қасым-Жомарт Тоқаев New Silk Way VII Халықаралық көлік-логистика бизнес-форумының ашылуымен құттықтап, бүгінгі іс-шараның мән-маңызы ерекше екеніне тоқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
— Бәріміз «Достық — Мойынты» теміржолының екінші желісінің ресми ашылуына куә болып отырмыз. «Достық — Мойынты» жолы — шын мәнінде аса маңызды инфрақұрылым жобасы. Бұл жоба Қазақстанның көлік-логистика жүйесінің дамуына, оның тиімділігін нығайтуға айрықша серпін беретіні сөзсіз. Ал тарихымызға үңілсек, осыдан отыз бес жыл бұрын «Достық — Алашаңқай» жобасы іске қосылды. Қазақстан мен Қытайдың теміржолы тоғысты. Бұл еліміз үшін тарихи оқиға болды. Сол жолды салған ардагерлеріміз қазір осы жиынға қатысып отыр. Баршаңызға зор алғысымды айтамын. Мен халыққа Жолдауымда, көлік-логистика саласы — экономиканың қозғаушы күші, халықаралық байланысты нығайтатын негізгі фактордың бірі деп атап өттім. Қазақстанның бұл саладағы әлеуеті зор. Ұлы Жібек жолы Қазақстан мен Орталық Азия арқылы өткен. Қазақ жері ежелден Қытай мен Еуропа арасындағы алтын көпір саналады. Қытай — біздің мәңгі, тату көршіміз әрі сенімді одақтасымыз. Біз бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетеміз. Қос халықтың қарым-қатынасы мызғымас достыққа, өзара сенімге негізделген. Елдеріміздің болашаққа деген көзқарасы — ортақ. Көп саладағы ынтымақтастығымыз нығаюда. Әсіресе, «Бір белдеу, бір жол» жаһандық жобасының мән-мағынасы айрықша. Баршаңызға мәлім, 2013 жылы Төраға Си Цзиньпин бұл бастаманы Қазақстанда жариялады. Біз осы жобаны барынша қолдаймыз, оны жүзеге асыруға белсене атсалысып жатырмыз. Себебі бұл бастама еліміздің мүддесіне толық сай келеді. «Достық — Мойынты» теміржолының екінші желісі — соның айқын дәлелі, — деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан арқылы әлемнің ең ірі сауда нарықтарына жол ашатын 5 теміржол дәлізі өтетінін айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы, еліміз үшін айрықша стратегиялық маңызы бар жоба.
– Жұмысшыларымыз үш жылға жуық уақыт бойы күні-түні табанды еңбек етті. Осындай белсенді жұмыстың арқасында теміржол мерзімінен бұрын іске қосылмақ. Мұны, шын мәнінде, тарихи сәт деуге болады. Бұл – баршаңызға ортақ қажырлы еңбектің жемісі. Бәріңізді шын жүректен құттықтаймын! Зор ризашылығымды білдіремін. Жаңа жол жүк тасымалының көлемін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экспорттық тауарларды жеткізу уақытын қысқартып, транзиттік әлеуетімізді күшейте түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.