Ипотекалық мөлшерлемелерді төмендету 2026 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатылады

0 2

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖТСМ-ді төмендету нормасын 2026 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтата тұру шаралары туралы хабарлады.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк ипотекалық қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін реттеуге қатысты бірлескен қаулыға өзгерістер енгізу жөніндегі жобаны әзірледі.

— Жобада «Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін айқындау туралы» ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы № 62 және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2024 жылғы 19 тамыздағы № 45 бірлескен қаулысымен белгіленген, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) 25%-дан 20%-ға дейін төмендету туралы норманы 2026 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтата тұру көзделеді. Ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша шекті ЖТСМ-ді төмендету туралы норманың қолданылуын тоқтата тұру туралы шешім қабылдау ағымдағы макроэкономикалық жағдайларды ескере отырып, ипотекалық кредиттердің құнын реттеуге өлшенген тәсілді қамтамасыз ету, халық үшін қарыз қаражатының қолжетімділігі мен банк секторының тұрақтылығы арасындағы теңгерімді ұстап тұру қажеттілігімен, сондай-ақ мынадай факторлармен негізделеді, — делінген комитет таратқан ақпаратта.

Бірінші. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің деңгейі қазіргі уақытта 18%-ды құрайды. Жоғары базалық мөлшерлемені сақтау инфляциялық процестерді тежеу қажеттілігіне байланысты. Инфляцияны тұрақтандыру және инфляциялық спиральдың пайда болу тәуекелдердің болдырмау үшін қалыпты қатаң ақша-кредит шарттарын ұстап тұру талап етіледі.

Экономикадағы ақшаның ағымдағы құны жағдайында жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 20%-ға дейін төмендету нарықтық ипотекалық бағдарламалардың қысқаруына әкеледі. 2026 жылғы 1 шілдеге дейін шекті ЖТСМ-нің қолданыстағы деңгейінің сақталуы халық үшін ипотекалық кредиттердің қолжетімділігі мен банк секторының орнықтылығын қолдау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Екінші. Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша ЖТСМ есептеудің жаңа әдістемесін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде, ол өзекті нарықтық жағдайларды ескеретін және негізгі өлшемді — ипотекалық қарыз сомасының тұрғын үйдің бағалау (нарықтық) құнына қатынасы ретінде есептелетін кепілмен қамтамасыз етумен қамту коэффициентін (Loan-to-Value, LTV) қамтитын болады.

ЖТСМ-нің қолданыстағы бірыңғай нормасы тұрғын үй сатып алуды қаржыландыруға өз үлесі әр түрлі қарыз алушылар арасындағы кредиттік тәуекел деңгейіндегі айырмашылықтарды көрсетпейді, ал халықаралық практика LTV кредиттік тәуекелді бағалаудың негізгі элементі болып табылатын тәуекелге бағдарланған тәсілге негізделген. LTV мәні жоғары болған кезде қайтарылмау қаупі жоғары болады, себебі қарыз алушы ең төменгі бастапқы жарнаны төлейді, ал LTV төмен болған кезде қарыз алушының өз қатысуы көбірек болады, бұл дефолт ықтималдығын азайтады.

LTV деңгейіне байланысты ЖТСМ сараланған шекті мөлшерлемелерін енгізу қарыз алушылар мен кредиторлардың мүдделерін теңестіруге, халыққа қатысты борыш жүктемесін азайтуға және банк жүйесінде артық тәуекелдердің жинақталуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Үшінші. Екінші деңгейдегі банктердің ағымдағы экономикалық жағдайларға және халықтың қажеттіліктеріне бейімделген жаңа ипотекалық өнімдерді енгізу бойынша мүмкіндіктерін кеңейту бойынша қосымша жұмыс жүргізілуде.

— Бәсекелестікті ынталандыру және тұрғын үй жинақтары жүйесін дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауындағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы шеңберінде барлық екінші деңгейдегі банктерге тұрғын үй құрылыс жинақтары моделі бойынша салымшылардың қаражатын тарту және тұрғын үй қарыздарын беру құқығын беретін түзетулер көзделген. Шекті ЖТСМ-ді төмендету туралы норманы 2026 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтата тұру ипотекалық кредит берудің орнықтылығын және ЖТСМ-ді есептеудің тәуекелге бағдарланған әдістемесіне көшуді қамтамасыз ететін уақытша шара болып саналады, — деп атап өтті ведомство.

Жобаның толық мәтінімен Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында және Агенттіктің сайтында танысуға болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Еуропа одағы Ресейге қарсы 19-шы санкциялар пакетін қабылдады, онда ВТБ Қазақстан Банкі шектеуге жататын ұйымдар тізіміне енді.

ҚР Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев ВТБ Банкке қатысты қойылған санкцияға пікір айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.