«Келешек» жүйесі: балаларға арналған 60 мың шот ашылды

0 2

«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі аясында қанша салымшы тіркелді? Бұл сұраққа Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті жауап берді.

— 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі аясында 59 862 шот ашылды, оның ішінде бес жастағы 8 046 балаға бастапқы білім беру капиталы төленді. Қараша айының басынан бастап шоттар саны 6177-ге өсті, — делінген ведомствоның Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Жалпы алғанда, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі балаларға жоғары білім алуға және ата-аналарға мемлекет тарапынан жәрдемдесу арқылы болашақта өз балалары үшін білім алудың өзіндік стратегиясын құруға мүмкіндік береді.

Министрлік ақпаратына қарағанда, «Келешек» жүйесі салымшыларының көбейгені елімізде мемлекеттік білім гранттарының санын азайтпайды.

— «Келешек» — бұл мемлекеттік қолдаудың қосымша шарасы және мемлекеттік гранттар беруді тоқтата тұруды көздемейді. Сонымен қатар, ол толығымен ерікті негізде жүзеге асырылады, — деп аталып өткен ведомство мәліметінде.

Еске салсақ, биыл қаңтар айында Мемлекет басшысы «Келешек» жинақтау жүйесі туралы заңға қол қойғанын жазғанбыз.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы Қазақстан балаларына 5 жастан бастап 18 жасқа толғанға дейін елде және шетелде білім беру қызметтеріне, соның ішінде жоғары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін қаржы қаражатын тұрақты жинақтау мақсатына арналған.

Бала 18 жасқа толғанша жыл сайын жарна салып, мемлекет пен банктердің сыйақылары мен бастапқы білім капиталын алып, 8-8,5 миллион теңге қаражат жинауға болады.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.