Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратура, Мемлекеттік күзет қызметі, Ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне пәтер кілтін табыстады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа жыл қарсаңында прокуратура мен күштік құрылымның бір топ қызметкері баспаналы болды.
Мемлекет басшысы Ақордада өткен салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқығын қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау стратегиялық маңызы айрықша міндет екеніне назар аударды.
— Сіздер ел тыныштығын қырағы қорғап, тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосып жүрсіздер. Қоғамда «Заң мен тәртіп» және әділдік қағидатын орнықтыру үшін табанды еңбек етіп келесіздер. Жұмыстарыңыз — оңай емес, күрделі. Соған қарамастан кәсіби білікті, жауапкершілігі жоғары маман ретінде елімізге адал қызмет етіп жатсыздар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Мінсіз қызмет қашанда жоғары бағалануға тиіс. Мемлекет өздеріңіз сияқты өз ісіне адал азаматтарды әрдайым қолдайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.