Парламент реформасы: Әйелдердің 30% квотасын сақтап қалу ұсынылды

0 3

«Әділ сөз» халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова Қызылордада өтіп жатқан V Ұлттық құрылтайда Паралменттегі әйелдер квотасын сақтаудың маңызы жөнінде пікір білдірді.

Кеше Ұлттық құрылтайдың «Азаматтық қоғам» секциясының отырысы өтіп, 26 құрылтай мүшесі өз ұсыныстарын ортаға салған.

— Парламентті реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі ретінде оның жүйелік маңызын айтпай кету мүмкін емес. Қос палаталы жүйеден бір палаталы модельге көшу мәселесі сарапшылар арасында ұзақ уақыт талқыланып келеді және бүгінде кең қоғамдық қолдауға ие болып отыр. Осы орайда партиялық тізімдердегі әйелдер квотасын сақтауды өтініш ретінде айтқым келеді, — деді Қарлығаш Жаманқұлова Президент қатысуымен өтіп жатқан V Ұлттық құрылтайда.

Спикер шешім қабылдау жүйесіндегі әйелдердің қатысуын кеңейту Мемлекет басшысы тарапынан дәйекті түрде қолдау тауып келе жатқанын атап өтті.

— 2022 жылғы саяси реформалар пакеті аясында партиялық тізімдер мен өкілді органдардағы квотаны заңнамалық тұрғыдан бекітуді өзіңіз ұсынған едіңіз. Әйелдердің заң шығарушы органдардағы тұрақты қатысуы қабылданатын шешімдердің сапасын арттырады, күн тәртібін кеңейтеді және өкілді институттардың легитимдігін күшейтеді. Сондықтан 2022 жылы өзіңіз негізін қалаған саяси жүйені жаңғырту қағидаттарының институционалдық тұрғыда бекіп, сабақтастығын қамтамасыз ету тетігі ретінде әйелдер квотасын 30% көлемінде сақтауды сұраймын, — деді Қ. Жаманқұлова.

Айта кетейік, Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы басталды. Құрылтайдағы талқылауға танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың, бизнес-қауымдастықтардың, сараптамалық қауымдастықтың және облыстардың қоғамдық кеңестерінің өкілдері қатысып жатыр.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.