Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында балаларды әлеуметтік желіге шектеп кіргізу саясаты қалай жүргізілетінін түсіндірді.
— Шектеу мәселесіне келсек, қазір бірнеше ұсынысты қарастырып жатырмыз, жұмыс тобы құрылды. Балаларды заңға қайшы контенттен қорғау үшін көптеген елде қолданылатын тәсілдер бар. Бұл мәселе ашық, ол қоғаммен, ата-аналармен, педагогикалық қауымдастықтармен және БАҚ-пен бірге талқыланады, — деді ол.
Ведомство басшысы шектеу шарасы үш тәсіл негізінде іске асатынын айтты.
— Алдымен балаларға арналған SIM-карталарды тіркеуді енгізгіміз келеді. Бұл бірінші тәсіл. Екінші тәсіл – 14 жасқа дейінгі балалар заңға қайшы контентті көре алмайтындай тетік енгізу. Үшіншіден, қазір мектепте цифрландыру және медиа сауаттылық пәндері бар. Осы пәндер аясында біз балалардың цифрлық кеңістікте сауатты болуына күш саламыз, — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Бұған дейін Әлеуметтік желіге кірушілерді жасына қарай шектейтін заң жобасы талқылауға шығарылатынын жазған едік.