Соңғы бір жылда елімізде азық-түлік бағасының күрт құбылуына жол берілген жоқ. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде негізгі азық-түлік тауарларының құны өткен жылдың деңгейінде қалып отыр. Бұл көрсеткіш нарықтағы тепе-теңдіктің сақталып, баға өсімін тежеуге бағытталған шаралардың нәтижесі екені анық.
Осы тұста бір айта кетер жайт, 2026 жылдың 4 қаңтарынан бастап Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының уақытша кеңейтілген тізбесі қолданысқа енгізілді. Бұған дейін күнделікті тұтынуда ерекше мәнге ие өнімдердің қатарына 19 тауар болса, қазіргі уақытта бұл тізім 31 тауарға дейін толығыпты.
Жаңартылған тізбеге бұрын-соңды болмаған бірқатар тауар түрі енгізілген. Атап айтқанда, қияр, қызанақ, алма секілді көкөніс пен жеміс-жидек өнімдері, шай, қаймақ, балық өнімдері, сиыр еті бар. Сондай-ақ аталған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қатарына тауық еті, бүтін тауық, жылқы еті және қатты ірімшік қосылған екен.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, осы жылдың бірінші аптасының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 0,2 пайызды құраған. Өткен жылдың осы кезеңінде де дәл осы деңгей, яғни 0,2 пайыз қалыптасқан болатын. Бұл көрсеткіш нарықта бағаның күрт өсуіне жол берілмей отырғанын аңғартса керек. Сонымен қатар 2026 жылғы баға индексі кеңейтілген тауарлар тізбесін ескере отырып есептелгенін атап өткен жөн. Яғни, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік атауларының саны артқанына қарамастан, баға өсімі өткен жылғы деңгейден аспаған. Бұл бірінші кезектегі азық-түлік өнімдері нарығында тұрақтылық сақталып отырғанын және қабылданып жатқан реттеу шараларының тиімділігін көрсетеді.
Кеңейтілген тізбеге енгізілген бірқатар жаңа тауар позициялары бойынша бағаның 0,1-0,5 пайыз аралығында төмендегені байқалуда. Бұл төмендеу көлемі жағынан шамалы болғанымен, бағаны тұрақтандыру үдерісінің басталғанын және қысқа мерзім ішінде алғашқы нәтижелерге қол жеткізілгенін көрсетеді. Атап айтқанда, жеміс-жидек, көкөніс өнімдері бойынша алма бағасы 0,5 пайызға, қияр мен қызанақ бағасы 0,4 пайызға арзандаған. Бакалея өнімдері сегментінде қатты және жартылай қатты ірімшіктердің бағасы 0,3 пайызға, қара шай бағасы 0,2 пайызға төмендепті. Сондай-ақ ет және балық өнімдері тобы бойынша баға 0,1 пайызға дейін түссе, ал сүт өнімдері ішінде қаймақ бағасының 0,1 пайызға арзандауы тіркелген.
Бағаны тежеу мақсатында жыл басынан бері сауда нысандарында бағаға тұрақты мониторинг жасалып, бизнес өкілдеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда 13 қаңтарда Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті төрағасының орынбасары Даулен Кабдушев жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, Астана қаласындағы базарларда баға мониторингін өткізіп, сатушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
– Осындай жұмыстарды өңірлердегі әріптестеріміз де тұрақты жүргізіп жатыр. Қазір сатушыларға бұрын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесінде болмаған тауарлардың енді тізімге қосылғанын түсіндіріп жатырмыз. Бұл дегеніңіз Сауда комитеті тарапынан жаңадан тізімге қосылған тауарлардың сауда үстемесіне мемлекеттік бақылау жүргізіледі деген сөз. Айта кету керек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік тауарларға қойылатын максимал сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы керек, – деді Даулен Кабдушев.
Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін еліміз бойынша бірқатар нақты шара қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Соның бірі – баға мониторингі. Аталған мониторинг аясында осы жылдың 1 қаңтарынан бері елімізде 600-ден аса сауда нысаны тексеріліпті. Тарқата айтқанда, жыл басынан бері Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп баға мониторингін белсенді түрде жүргізіп келеді. Мониторинг күн сайын, демалыс күндеріне қарамастан жүргізілген.
Осы ретте әр облыстағы нәтижеге келсек, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің басшылығымен әкімдік өкілдері мен сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті «Самади» гипермаркетіне арнайы барып, жағдайды бағамдаған. Мониторинг барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының, атап айтқанда ұн, нан, сүт, күнбағыс майы, қант, күріш және өзге де өнімдердің бағасы мен қолжетімділігі тексерілген. Сондай-ақ тауарлардың сөрелерде болуы мен қоймадағы қор көлеміне ерекше назар аударылған.
Қызылорда облысында да азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевтің жетекшілігімен жүргізілген.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов те облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшылығымен бірлесіп, Орал қаласындағы ірі сауда желілерінде азық-түлік бағасын зерделеген.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласының ірі сауда нүктелеріндегі азық-түлік тауарларының бағасын жеке өзі тексеріпті.
– Өңірде бағаның өсуін тежеу мақсатында тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Өткен жылы оның қаржыландыру көлемі 2,9 миллиард теңгені құрады, оған шамамен 13 мың тонна өнім сатып алынды. Бұл қала халқының үш айлық қажеттілігінің 50 пайызына тең. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорының қорлары шамамен 12 мың тоннаны құрайды, – дейді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Маңғыстау облысында да 4 ірі сауда желісінде, 10-нан аса үй маңындағы дүкенде, сондай-ақ 4 көтерме базарда баға мониторингі жүргізіліпті.
Еліміз бойынша былтыр атқарылған осындай жұмыстардың нәтижесін сөз етер болсақ, алдымен Сауда комитетінің шығарған өткен жылдың қорытындысына зер салуымызға тура келеді. 2025 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін асыру деректері бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабына сәйкес 2 796 әкімшілік қаулы шығарылыпты. Оның ішінде 55,7 миллион теңгеден аса сомада 1 625 айыппұл салынған.
Мұндай жұмыстар өз облысымызда жергілікті атқарушы органдармен бірлесе облыстық сауда және тұтынушылардық құқықтарын қорғау департаменті арқылы жүргізілуде. Өткен жылы облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сауда саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау және тұрғындармен кері байланысты күшейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде атқарған. Жыл қорытындысы бұл салада азаматтардың белсенділігі артқанын көрсетіп отыр. Атап айтқанда, 2025 жылы департаментке барлығы 1687 өтініш келіп түскен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 494 өтінішке немесе 41,4 пайызға артық. Бұрнағы жылы 1193 өтініш тіркелген екен. Өтініштер санының өсуі тұрғындардың өз құқықтарын қорғауға деген ұмтылысының артқанын және департамент қызметінің қолжетімді бола түскенін аңғартады. Өтініштердің басым бөлігі жазбаша түрде жолданған. Нақтырақ айтқанда, 1 180 азамат өз мәселесін ресми жазбаша өтініш арқылы жеткізген. Сонымен қатар департамент мамандарының жеке қабылдауында 168 адам болып, өзекті мәселелерін тікелей көтерген.
Халықпен жедел байланыс орнатуда «Жедел желі» маңызды рөл атқарған. Аталған желі арқылы 276 қоңырау қабылданып, тұрғындарға заңнама талаптары мен тұтынушылық дауларды шешу жолдары бойынша тиісті түсіндірме беріліпті. Ал заманауи цифрлық құралдарды пайдалану аясында Telegram-бот арқылы 60 өтініш келіп түскен. Бұл электронды сервистердің біртіндеп қолданысқа еніп, тұрғындар арасында танымал бола бастағанын айғақтайды. Сондай-ақ департамент басшысы жеке қабылдау арқылы 3 азаматпен жүздесіп, күрделі әрі жеке бақылауды қажет ететін мәселелер қаралған. Мұндай қабылдаулар нақты жағдайды жедел зерделеуге және жүйелі шешім қабылдауға мүмкіндік беретінін ескерсек, мұның да тиімділігі қандай болғаны айтпаса да түсінікті.
– 2025 жылы департаментке келіп түскен өтініштердің басым бөлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласына тиесілі болды. Атап айтқанда, жалпы өтініштердің 1 347-сі осы бағытта тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 323 өтінішке немесе 31,5 пайызға артық. Былтыр тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласы бойынша 1 024 өтініш қабылданған болатын. Көрсеткіштің өсуі азаматтардың өз құқықтарын талап ету белсенділігінің артқанын көрсетеді. Салалар бойынша талдау нәтижесі шағымдардың бірқатар бағыттарда шоғырланғанын аңғартты. Ең көп өтініш бөлшек сауда саласына қатысты тіркелді. Бұл бағытта 403 өтініш қабылданып, ол жалпы шағымдардың 29,9 пайызын құрады. Алайда бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,1 пайызға төмендеді. Бір айта кетерлігі, бұрнағы жылы бөлшек сауда саласындағы шағымдар барлық өтініштердің 44 пайызын құраған болатын. Бөлшек сауда саласындағы негізгі шағымдар сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту, сондай-ақ заңнамада көзделген 14 күнтізбелік күн ішінде тауарды айырбастау немесе қайтару талаптарының орындалмауына байланысты болды. Бұл сауда орындарында тұтынушылар құқығының толық сақтала бермейтінін көрсетеді. Электрондық сауда саласындағы шағымдар саны айтарлықтай артты. Аталған бағыт бойынша 318 өтініш тіркеліп, бұл жалпы санының 23,6 пайызын құрады. 2024 жылмен салыстырғанда шағымдар саны 86 пайызға өсті. Негізінде бұл сала бойынша 2024 жылы 171 өтінішті құраған болатын. Соның салдарынан электрондық сауда тұрмыстық қызметтер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын басып озып, екінші орынға шықты. Негізгі шағымдар тауардың жеткізілмеуі, сипаттамаға сәйкес келмеуі, сондай-ақ тұтынушының сатушымен кері байланыс орната алмауына қатысты болды. Тұрмыстық қызметтер саласында да шағымдар саны едәуір өсті. Бұл бағытта 156 өтініш тіркеліп, жалпы өтініштердің 11,6 пайызын құрады. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 97,5 пайызға артып отыр. Мысалы, былтыр 79 өтініш түскен еді. Шағымдардың басым бөлігі көрсетілген қызмет сапасының төмендігіне және шарт талаптарының орындалмауына байланысты болғанын айта кетуіміз керек. Білім беру қызметтері саласы бойынша 126 өтініш тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,3 есе көп. Барлық шағымдар онлайн форматта көрсетілген білім беру қызметтеріне қатысты болды. Негізгі мәселелер оқыту сапасының төмендігіне, сондай-ақ тұтынушы шартты бұзуға ниет білдірген жағдайда, қызмет көрсетуші тараптың шартты бұзудан бас тартуына байланысты туындаған. Жалпы алғанда 2025 жылғы көрсеткіштер тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында жаңа сын-қатерлер пайда болғанын, әсіресе электрондық сауда мен онлайн қызметтерге қатысты бақылауды күшейту қажеттігін көрсетіп отыр, – дейді облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Татьяна Федосова.
Өткен жылы сауда қызметі саласы бойынша департаментке барлығы 340 өтініш келіп түскен екен. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артқан. Былтыр аталған сала бойынша 169 өтініш тіркеліпті. Өтініштер санының айтарлықтай өсуі сауда объектілеріндегі баға қалыптастыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемесі және тұтынушылармен өзара қарым-қатынас мәселелерінің әлі де өзекті екенін көрсетеді.
– Тұтынушылардан келіп түскен өтініштер негізінде департамент тарапынан бизнес субъектілеріне қатысты 237 тексеру жүргізілді. Оның ішінде 194 тексеру сауда саласына тиесілі. Бұл тексерулердің негізгі себебі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің заңнама талаптарынан асып кетуімен байланысты. Ал тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 43 тексеру жүргізілді. Аталған тексерулердің жүргізілуіне тұтынушылардың талап-арыздарына жауап бермеу, сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту, сондай-ақ тұтынушыларға арналған міндетті ақпараттың болмауы сияқты заңбұзушылықтар себеп болды. Жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша барлығы 174 әкімшілік жаза қолданылды. Оның ішінде 44-і ескерту болса, бұл ретте кінәлі тарапқа 130 айыппұл салынды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 5,3 миллион теңгені құрады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласы бойынша 12 ескерту берілсе, барлығы 25 айыппұл салынып, олардың жалпы сомасы 629,1 мың теңге болды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 139 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 85 ескерту мен 20 айыппұл салынған болатын. Аталған айыппұлдардың жалпы сомасы 3,4 миллион теңгені құраған еді. Сонымен қатар қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылы тұтынушылардың пайдасына 20,8 миллион теңге қайтарылды, – дейді Татьяна Федосова.
Тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңнама талаптарын кеңінен түсіндіру мақсатында департамент тарапынан жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүргізілген. Әлеуметтік желілерде, атап айтқанда департаменттің «Instagram» және «Facebook» парақшаларында барлығы 1202 материал жарияланыпты. Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында 65 мақала жарық көрген. Сондай-ақ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің ресми сайтында 30 материал, ал өзге интернет-ресурстарда 5 ақпараттық материал орналастырылыпты. Осы арқылы тұрғындардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берілген. Бұдан бөлек, тікелей байланыс орнату мақсатында бірқатар іс-шара ұйымдастырылған. Атап айтқанда, облыстық радиода департамент қызметкерлері 3 рет эфирге шығып, өзекті мәселелер бойынша түсініктеме берген. 16 «Ашық есік» күні өткізіліп, тұрғындарға кеңес беру жұмыстары жүргізілген. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында 6 брифинг ұйымдастырылыпты. Сонымен қатар «Азаматтық құқықтарды қорғау комитеті» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп 5 қоғамдық қабылдау өткізіліп, азаматтардың нақты мәселелері жергілікті жері бойынша қаралған екен.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ