Президент төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді

0 2

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді.

Жиында еліміздің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалады. Премьер-министр Олжас Бектеновтің, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің, бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалады.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейінгі Үкімет отырысында туризмді дамыту мәселелері талқыланып, 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы бекітілген еді.

Бірінші мәселе бойынша негізгі баяндаманы Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов жасады. Оның мәліметінше, 2025 жылы туризм саласына салынған инвестиция көлемі 32 пайызға өсті. Бұл – 1 триллион 254 млрд теңге.

Министрліктің тізімінде жүзеге асырылу жоспарланған 328 инвестициялық жоба қамтылған. Негізгі жобалардың қатарында «Ой-Қарағай» тау-шаңғы курорты, Hilton және Mandarin Oriental қонақ үй кешендері, «Жібек жолы» ойын-сауық кешені, Keruen Inn жол бойындағы сервистік объектілер желісі бар. Аталған жобаларды іске асыру туризм саласында шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Дегенмен, министр негізгі көрсеткіштердің өсу үрдісіне қарамастан, бұл салада әлі де бірқатар шешілмеген жүйелі мәселе бар екенін жасырған жоқ.

— Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарындағы курорттық аймақтарда сумен қамтамасыз ету және орталықтандырылған кәріз жүйесі мәселелері әлі де шешілмеген. Суды, соның ішінде ұңғымаларды пайдалану мәселесіне арнайы назар аудару қажет. Бұл мәселе, әсіресе, Алакөл жағалауында аса өзекті болып тұр. Алакөл көлінің екі беттегі жағалауында да жағаны бекіту жұмыстарын жүргізу қажет. Мысалы, Абай облысындағы бірқатар демалыс базалары қауіпті жерде, оларға су тым жақындап қалған. Осыған байланысты бұл мәселені шешуді кейінге қалдыруға болмайды. Сонымен бірге Каспийдің және Жетісу облысындағы Алакөл жағажай аймақтарында судың түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу керек, — деді ол.

Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, кейбір курорттар туристер ағынының көбеюіне дайын болмай жатыр. Бурабай курорттық аймағында маусымның қызған шағында кептеліс болады.

Ал Балқаш көлі бағытында жол бойындағы қызмет көрсету объектілерінің жетіспейтіні, жанармайдың тапшылығы, яғни жанармай құю станцияларында сағаттап тұратын кезектер байқалады. Барлық дерлік курорттық аймақта қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жоқ деуге болады.

— Кей жерлерде абаттандыруға қатысты ұйымдастырушылық сипаттағы мәселелер де бар, дәретханалар мен қоқыс контейнерлерінің болмауы да осыған жатады. Жағажай аймақтары көбінесе жабдықталмаған және аймақтарға бөлінбеген, мұндай жағдай барлық өңірге қатысты болып тұр. Өңірлер бұл мәселенің шешілгені және жалпы саны 60 санитарлық-гигиеналық тораптың орнатылғаны туралы есеп берді. Алайда қайта тексерген кезде олардың көбі жабық болды және желілерге қосылмаған, — деді министр.

Ал «Kazakh Tourism» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов елімізді халықаралық деңгейде ілгерілету жұмыстарына тоқталды. Оның дерегінше, өткен жылы Қазақстан 14 халықаралық туристік көрмеде таныстырылды. Барлық өңір Kazakh Tourism-мен тығыз әріптестікте жұмыс істеді. Осы жылы 12 халықаралық туристік көрмеге қатысу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Алматы қаласы Азия мен Таяу Шығыстағы мақсатты қалаларда, соның ішінде Мумбай, Дубай, Шанхай, Сеул, Токио және Сингапурда 10 роуд-шоу өткізуді жоспарлап отыр.

— Биыл әлемдік жұлдыздардың қатысуымен бірқатар ірі концерттік іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Алғашқы концертке Тимбалэнд, Николь Шерзингер, Баста Раймс және басқа да әртістер қатысады, ол мамыр айына белгіленген. Жалпы жыл соңына дейін кемінде 5 ірі концерттік шара өтеді деп күтілуде, — деді Талғат Ғазизов.

Талқыланған мәселені түйіндеген Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет Аппараты туристік нысандарды жүйелі түрде тексеріп, жағдайды үнемі қадағалап отыратынын ескертті. Сонымен қатар жазғы туристік маусым басталғанға дейін министрлік пен әкімдіктер демалушыларға қолайлы жағдайды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдау тиістігін айтты.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.