Бүгін Парламент Сенатының депутаттары біркүндік еңбекақысын Шығыс Қазақстанда топан судан зардап шеккен отбасылардың шотына аударады. Бұл туралы шешім бүгін палата отырысында қабылданды.
Жиында сондай-ақ халықтың жалақысын көтеру мәселесі де қозғалды. Депутат Мұрат Бақтиярұлының пікірінше, бүгінгі таңда ең төменгі жалақы мөлшері мен күнкөріс минимумын ұлғайту қажет. Жұмыспен қамту мен көші-қон мәселелері талқыланған басқосуда бұл ұсыныс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қатысты айтылды. Сенаторлардың айтуынша, қазіргі кезде ведомствоның бұл мақсатты орындауға мүмкіндігі бар.
Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
— Қазір біздегі ең төменгі айлық көрсеткіш 28 мың теңгені құрап отыр. Егер басқа елдермен салыстырсақ, бұл өте аз сома. Мәселен, Беларусь елінде бұл көрсеткіш – 50 мың, Арменияда – 37 мың, Украинада – 35 мың, ал Литва мен Эстонияда 200 мың теңгеге жуықтаған. Біздің ойымызша, министрлік осы мәселені қолға алып, халықтың жалақысы мен күнкөріс минимумын арттыруға тиіс. Биыл 60 мың адам жұмысқа орналастырылады. Сенат отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова осылай деп мәлімдеді. Оған жұмыспен қамту туралы заңға енгізілетін жаңа өзгерістер сеп болмақ. Ведомство бұл салада аутсорсинг қызметін жүзеге асыруды көздеп отыр. Яғни енді халықтың екі қолға бір күрек табу түйткілін шешуге жеке агенттіктер атсалысады. Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: — Осы мақсатта халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтер аутсорсингі деген ұғым енгізіледі. Бастапқы кезеңде аутсорсинг кәсіптік бағдар беруде қызметтерді береді. Бұл биыл 60 мың адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.
Дереккөз: 24.kz