ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті абонентке тіркелмеген SIM карта таратқан ұялы операторлардың кейбір дилерлерін тексеруді аяқтады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Нәтижесінде 4 сауда нүктесіне, соның ішінде «Технодом» және «Мечта» электроника дүкендеріне айыппұл салынды. Телекоммуникациялар комитеті елімізде 42 млн SIM карта сатылғанын анықтады. Егер оларды халық санына бөлсе, әрқайсысына 2-3 абонент нөмірінен келеді. Бірақ, іс жүзінде бәрі басқаша. «Жақында іске қосылған арнайы сервис арқылы азаматтар бірнеше мың нөмірдің иесі екенін анықтауда. Әрине, бұл азаматтар сол нөмірлер арқылы кімнің, қайда және не үшін қоңырау шалғанынан хабарсыз. Сол себепті, байланыс операторына хабарласып, белгісіз нөмірлерді бұғаттайды.
Ал, бұғатталған SIM картаның пайдаланушылар байланыссыз қалады. Сондықтан да біз қазақстандықтардың құқықтарын қорғау үшін осындай тексеру жүргізу қажет деп есептейміз», — деді комитет төрағасы Виталий Ярошенко. Сонымен қатар, министрлік өкілі бұл мәселеде азаматтардың да жауапкершілік танытуы маңызды екенін атап өтті. «Абоненттік нөмірді сатып алған кезде азаматтар шарт жасауды талап етуі, өз мүдделерін қорғауы тиіс. Өйткені дилерлер көбінесе өз әрекеттерінің заңсыз екенін біледі және азаматтардың аңғалдығын пайдаланады. Сондықтан, SIM картаны сатып алу барысында тіркеуді ұсынбаса өзіңіз талап етіңіз», — дейді Ярошенко. Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы «заңсыз» SIM картаның нарығын жою жөніндегі жұмыстардың жалғасатынын айтты.
Еске сала кетсек, бұған дейін таталмыш комитет ұялы байланыс қызметінің үзілу себебін атаған болатын. Телекоммуникация комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко IMEI қызметінің мүмкіндіктері туралы айтып, Қазақстанда 42 млн SIM карта тіркелгені туралы мәлім еткен еді. Сондай-ақ, ЖСН арқылы SIM картаны бөгде адамдардың пайдалануы қаншалықты қауіпті екенін түсіндіріп өтті.