–Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасындағы «Әл-Ватан» сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әбу-Даби ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның кездесуі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысын Әбу-Даби ханзадасы сарайдың есігінде өзі қарсы алды. Құрметті қарауылдың қатысуымен өткен ресми кездесу барысында екі мемлекеттің әнұраны шырқалып, жоғары мәртебелі мейманның келу құрметіне орай артиллериялық қарудан 21 мәрте оқ атылды.
Делегация мүшелерін таныстырудан кейін тараптар келіссөздер бөлмесіне кетті.
Кездесу аясында тараптардың екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымдағы сұрақтарын талқылайтыны күтіліп отыр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының ресми сапары аясында БАӘ-ның іскер ортасының өкілдерімен дөңгелек үстелдің өтетіні жоспарланған.
Ертең, яғни 28 қаңтарда Дубай қаласында Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Вице-президентімен, Премьер-министрімен, Дубай Әміршісімен, шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездесіп, Дубай халықаралық қаржы орталығына (DIFC) барады. Сондай-ақ, Президент Біріккен Араб Әмірліктеріндегі компаниялардың басшыларымен кездеседі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен келгені хабарланған болатын.