Pfizer вакцинасын салып жатқан Еуропа елдерінде көз жұмғандар тіркеліп жатыр. Бұл вакцинаны Қазақстанға алып келу екпе жасауға қарсы адамдардың санын арттырмай ма? Вакцинацияға деген халықтың қорқынышы артпай ма? Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте журналистер Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінен осыған қатысты пікірлерін сұрады, — деп хабарлайды “ZhambylNews” АА.
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Phfizer вакцинасы елімізге әкелінбейтінін атап өтті.
«Бүгінде елімізде «Спутник V» вакцинасы қолданылуда. Сондай-ақ, қазақстандық вакцина болады, ол клиникалық зерттеулерден өтіп жатыр. Қазіргі таңда Phfizer вакцинасын елге әкелу туралы келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ және бұл вакцина елімізде тіркелмеген», — деді вице-министр өз жауабында.
А.Ғинияттың айтуынша, елімізге қолдануға әкелінген әрбір дәрі-дәрмек, вакцина сараптамадан өтеді, егер Қазақстан Pfizer компаниясының вакцинасын алатын болса, онда ол толық тексерістен өткізіледі, отандық мамандар оның тиімділігін қарастырады.