Қызыңыз болса қуаныңыз!

0 250

Қыз бала туылғанда ренжу, әсіресе анасын айыптау – үлкен қателік. Құран кәрімде «Аллаһ қалағанына қыз, қалағанына ұл бала береді. Біреулерге әрі ұл, әрі қыз бала береді, ал қалағанын тумайтын қылады. Барлық нәрсені хаққымен білетін және бүкіл нәрсеге күші жететін тек қана Аллаһ» делінген. (Шура 49, 50)

Дінімізде әйелдің және қыз баланың қадірі жоғары. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Қыздарыңды алтын және күміспен әшекейлеңдер! Киімдері әсем болсын! Құрметке ие болуы үшін ең әдемі сыйлықтарды сыйлаңдар!» (Хаким)

«Қыз баланы жақсылап тәрбиелеп, Аллаһу та’ала берген ниғметтермен молшылықта жегізіп, киіндірсе, бұл қыз ол үшін берекет болады, тозақтан құтылып жәннатқа оңай кіруіне себеп болады.» (Табарани)

«Екі қыз баласымен жақсы мәміледе болған адам міндетті түрде жәннатқа кіреді.» (Ибн Мажа)

«Екі қызы немесе екі қыз бауыры болып, күнкөрістерін толығымен қамтамасыз еткен адаммен жәннатта бірге боламыз.» (Тирмизи)

«Базардан алған нәрселерді ұл балалардан бұрын қыз балаларына берген адамға Аллаһу та’ала мейіріммен қарайды. Аллаһу та’ала мейіріммен қараған адамдарға азап бермейді.» (Хараити)

«Базардан жеміс-жидек алып үйіне әкелген адам садақа сауабын алады. Әкелген жемісті ұл балаларынан бұрын қыз балаларына берсін! Әйелдерді, қыздарды қуантқан адам Аллаһтан қорқып жылағандардың сауабын алады. Ал Аллаһтан қорқып жылағандардың денесі тозаққа харам болады.» (Ибн Адий)

«Үш қызына қажеттіліктен құтылғанға дейін жақсы қараған, ішіп-жегізіп, киіндірген адам әлбетте жәннатқа қолжеткізеді.» (Әбу Дауд)

«Үш қыз немесе қыз бауырларының күнкөріс немесе басқа да қиыншылықтарына шыдаған адамды Аллаһу та’ала жәннатқа кіргізеді.» Асхаби кирамнан бір кісі «Екі қызы болса да солай ма?» деп сұрағанда, пайғамбарымыз «Иә, екі қыз болса да солай» деді. Басқа бір кісі «Ал бір қыз болса ше?» деп сұрады. Жауап ретінде: «Бір қыз болса да солай» деді. (Хаким, Хараити)

«Егер бір адамның қыз балалары болып, олардың қиыншылықтарына шыдап, жақсылап өсірсе және теңіне үйлендірсе, бұл қыздары ол үшін тозаққа перде болады.» (Тирмизи)

«Алғашқы баланың қыз болуы әйелдің берекетінен.» (Ибн Асакир) «Үш қыз баласын тәрбиелеп үйлендірген және оларға жылы шырай танытқан адам жәннатқа кіреді.» (Бұхари)

Әйелдерді, қыздарды қадірлемейтіндер мұсылмандықты білмейтін надандар. Дінін білетін мұсылман қыз балаларын және әйелін лайықты түрде қадірлейді.  Үш хадис шәрифтің мағынасы мынадай: «Әйелдерді текті және құрметті адамдар ғана қадірлейді. Оларды тек жаман және төмен адамдар ғана қор етеді.» (И.Асакир)

«Аллаһу та’аладан қайырлы перзент сұрадым. Маған қыздарды ихсан етті.» (Шира)

«Қыз балаларды қор етпеңдер, себебі мен қыздардың әкесімін.» (М.Жинан)

Көрініп тұрғанындай, қыз және әйелдерге қадір бермейтіндер мұсылмандықты білмейтін адамдар. Мұсылманның дінін жақсылап үйреніп, әйелдерді лайықты түрде қадірлеуі керек!

Leave A Reply

Your email address will not be published.