Торғын Жолдасбекқызы: «Тағдырымыз ауыр екен деп, өмірден мұң кешіп өтіп кетеміз»

0 30

Жақында Everest баспасынан жазушы Торғын Жолдасбекқызының кезекті «Пана» деп аталатын прозалық шығармалар жинағы жарық көрді. «Пана» кітабында кейінгі кезде әлеуметтік желілерде танымал болған жазушының «Сән» сияқты әңгімелері топтастырылған. Осы орайда Массагет порталы автормен жаңа кітабы жайлы әңгіме өрбітті.

Аталған кітап 1 повесть, 45 әңгімеден тұрады. Таралымы 2 мың дана. «Пана» кітабы қазіргі қоғамдағы зорлық-зомбылық көрген әйелдер тақырыбын көтереді.

«Өткен 2020 жылы 6781 әйел зорлық-зомбылықтан шапа шегіп, соның 128-і қаза тауыпты. Кейінгі уақытта қазіргі әйелдердің қоғамдағы орны, психологиялық, әлеуметтік күйі мен рөлі туралы жазып келіппін. Солардың барлығын осы жинаққа топтастырдым», — дейді автор.

– Қазірігі кездегі әлеуметтік проблемаларды көтереді екенсіз. Ол әсіресе «Сән» атты әңгімеңізде толық аңғарылады. Жазушы ретінде кейіпкерлерді қайдан іздейсіз?

– Неге екені осы сұраққа біраз ойландым. Кейіпкер іздеп көрмеген соң болар. Олар мені өзі табады. Жолымыз тоғысады. Өмірі, не болмаса өмірге деген көзқарасы қызықтырады. Сөйтсе, әңгіме жазамын. Өйтпесе, өзімді зорламаймын.

–  Неге кітаптың атын «Пана» деп қойдыңыз?

 – Бұл сұраққа оқырманым кітапты оқып, өзі жауап берсе екен деймін.

–  Шығармаларыңызда бір мұң бар. Кейіпкерлеріңздің тағдыры ауыр. Жалпы, жазуға сізді не итермеледі?

– Көп жағдайда біздер адамдар тағдырымыз ауыр екен деген идеяға алданып, өмірден мұң кешіп өтіп кетеміз. Шығармаларымда жәй ғана түрлі адамдардың өзі жайлы сол идеясын, өз тарапынан боямасыз суреттеуге тырысамын. Сөйткендегі үмітім, кей адамдар өздерін танып оянып, кетсе екен деймін.

– Бір сұқбатыңызда жазушылыққа кеш келгеніңізді айтыпсыз. Бұрыннан әдебиетке жақын ба едіңіз? Жазушы ретінде қалыптасуға қай қалемгерлердің көмегі тиді. Қай жазушыларды жоғары бағалайсыз?

 – Осыдан 7-8 жыл бұрын жаза бастағанымда өзімді жазушылыққа келген екем деп ойлағам жоқ. Жәй ғана дерттен араша іздеп жүрмін дедім. Сол үшін жаздым. Ол кезде жасым 29-да. Филология факультетін бітіргем. Бала күннен сөзшең ем. Бірақ әдебиетке жақын болдым, жата жастана кітап оқыдым дей алмаймын. Көркем әдебиеттен гөрі психологияны көп оқимын. Сол жанрдың авторларын ұнатамын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Айта кетейік, Торғын Жолдасбекқызы – жазушы. 1985 жылы 17 сәуірде  Алматы облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. «Кеш қалма», «Араша» кітаптарының авторы.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.