Қыздарға құлаққағыс #1

0 4

Қыз бен жігіттің қарым-қатынасы айдында жүзген қос аққудың жарасымдылығындай болса ғана сырт көзге сүйкімді көрінеді. Жарасымдылық үшін бірнеше кеңесті біле жүру керек. Біз қыз қылығын түзетуге бағытталған төмендегідей кеңестерді ұсынамыз.

Егер жігітіңіз достарының арасында тұрса, оған дауыс көтеріп айқайлап шақырмаңыз. Ер адамдар мұндай қылыққа дұрыс көзқарас танытпайды.

Оны көптің көзінше шектен тыс еркелетіп, «Қояным», «Томпағым» деп бетін қызартпаңыз. Жігіттер сосын бірін-бірінің қыздарының сондай қылықтарын айтып, біріне-бірі қалжыңдап осы әрекетіңізді оның бетіне басып жүрсе, ыңғайсыз болады.

Жігітіңізге қоғамдық ортада, көзге көп түсетін жерде аймалап, жабыса бермеңіз. Бұл сіздің көше этикетін бұзғаныңыз және өз арыңызға өзіңіз қарсы келгендігіңіз болып саналады. Мұндай аяулы сезімдерді көптің көзінен де, сөзінен де жасырып, некеге ғана сақтаңыз.

Жігітіңіз туыстары мен достарының көзінше атыңызды атап шақырса, қалай да келуге тырысыңыз. Және оның сөзіне қарсы шығып, бетіннен алып, төсіне шаппаңыз. Қызға тән ибаңызды көрсетіп, көп алдында жігітіңіздің мерейін асқақтатыңыз.

Үлкен адамдар отырған орында жігітіңіздің аузына тамақ тығып, оны кішкентай балаша тамақтандырмаңыз. Қажетінше шәйін құйып беріп, шектен шықпай, жағдайын жасаңыз.

Жігітіңіздің қалтасына рұқсатсыз қол салып, жаман әрекетке бой алдырып қоймаңыз. Оның жеке заттары мен құжаттарына, сонымен қатар, қалтасындағы тиынына дейін тиіспеуге әдеттеніңіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.