Асүйдегі ең қауіпті 5 зат

0 9

Асүйде отбасы мүшелерінің өміріне және денсаулығына не қауіп төндіруі мүмкін? Назарыңызға тұрмыстарғы ең қауіпті 5 затты ұсынамыз.

1. Газ плитасы
Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, ер адамдарға қарағанда әйелдер жиірек күйіп қалады. Әдетте, мұндай жағымсыз жағдайлар асүйдегі қауіпсіз емес газ плиталарына тамақ дайындау кезінде болады. Бұл техникаға аса ұқыптылықпен қарау керек: асықпай, алаңдамай тамақ дайындаңыз және газ плитасының кез келген бұзылған бөлігін уақытында жөндетіңіз.

Сонымен қатар, пешке балалардан қорғаныш қойып, олардан іске қосылып тұрған техникаға жақындамауын сұраңыз. Газ плитасының қасына оңай жанғыш заттарды қоймаңыз және ыстық ыдысты қолмен ұстамаңыз.

2. Ыдыс жууға арналған сорғыш
Ол асүйдегі ең лас зат. Әр ыдыс жуғаннан кейін сорғышта тамақ пен майлардың көзге көрінбейтін қалдықтары қалып қояды. Олар жылумен және ылғалмен қосылғанда бактерияларға арналған қолайлы орта жасайды. Егер оны аптасына бір рет ауыстырып тұрмасаңыз, ыдысқа жұққан бактериялардан түрлі келеңсіздіктер болуы мүмкін: асқазан жұмысының бұзылуы, іш ауруы және т.б.

3. Ауа
Асүйдің ауасы газ жанғанда және тамақ дайындағанда бөлінетін түрлі зиянды заттарға толады: формальдегид, акролеин, аммиак және т.б. Олар өкпеңізге жиналып қалмас үшін уақытылы үйді желдетіп алу қажет.

4. Тостер
Бір қарағанда зиянсыз көрінетін бұл асүй заты жылына шамамен 700 адамның өліміне себепші болады. Олар тоққа тығылып тұрған құрылғыдан тұрып қалған нан бөлігін пышақпен алу кезінде тоққа түседі екен.

5. Тоңазытқыштағы өнімдер
Әсіресе, тоңазытқыштағы бір-бірінің үстіне қойылған тағамдар зиян. Мысалы, дайын тамақтар шикі азықтан бактерияны өзіне сіңіріп алады. Сонымен қатар, тоңазытқыштың есігіне сақтайтын тұздықтар да адам денсаулығына зиян, себебі олардың түрінен ештеңе білінбегенмен, бір рет ашылған ыдыстағы тұздыққа бактерия жылдам көбейеді. Тамақтан уланбас үшін етті, көкөністі және дайын тамақты бөлек-бөлек сөреге салыңыз. Азық-түліктің жарамдылық мерзімін жиі тексеріп, уақыты өтіп кеткен өнімді бірден лақтырыңыз.

Ақпарат дереккөзі:  massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.