Енеңізге мұндай сөз айта көрмеңіз

0 8

Енеңізбен құрбылар секілді жақын қарым-қатынаста болсаңыз да, оның алдында өзіңізді тым еркін ұстауға болмайды. Оған байқамай мына сөздерді айтып қойсаңыз, жүрегіне жақын қабылдауы мүмкін.

«Сіздің балаңыз – мамасының баласы»
Сіз бұл сөзді мүмкін жай қалжың ретінде айтқан да боларсыз. Оған еріңіздің өзі ренжіп қалады. Ал енеңізге бұл «сіз жақсы ана бола алмадыңыз», «оны дұрыс тәрбиелей алмадыңыз» деген секілді естілуі мүмкін. Бір сөзді түрлі интонациямен, түрлі оймен айтуға болады, ал оны естіп, қабылдаған адамның ойы тіпті сан-саққа кетеді. Егер шынында да осылай ойлайтын болсаңыз, бұл тақырыптан айналып өтіп кетуге тырысыңыз. Барлық жайдан жақсылық көруге болады. Шынында азаматыңыздың анасымен қарым-қатынасы тым жақын болса, ертең балаларым да мені осылай сыйлайды деп қабылдаңыз. Мұндай қатынасқа әкесіз өсу, әкенің мейірімі аздығы секілді түрлі тағдыр себепші болуы мүмкін, сондықтан сіз ол үйде тәрбиеленіп өспегеннен кейін тереңіне бармай-ақ қойыңыз. Жай ғана жұбыңызды сол қалпында қабылдай біліңіз.

«Өзіміз шешіп аламыз»
Ененің барлығы дерлік ақыл айтуға құмар болады. Осы кісі-ақ барлық ісімізге араласпаса отыра алмайды деп тек жаман жағын көруге асықпаңыз. Қазір қайталай беретін жаттанды сөздер сияқты көрінгенімен, айтқан кеңестері бір күні болмаса, бір күні көмегі тиеді. Білімі таяз болса да, білгені аз болса да, бәрібір ол кісі сізге қарағанда біраз өмірді көрді, оның жасын сыйлауға тиіссіз. Тіпті айтқан сөздерінің ешқайсысы құлаққа қонымды емес деп шешсеңіз де, мұны бетіне былш еткізіп айта салмай, жай ғана үндемей тыңдап, «жарайды» дей салсаңыз, ештеңеңіз кетпейді. Есесіне арадағы сыйластық сақталады. Ал өзіңіз ақырын білгеніңізді істей бересіз.

«Мен секілді келініңіз болғанына бақыттысыз»
Ал сіз оның баласымен бас қосқаныңызға бақытты емессіз бе? Сіз осындай боп тәрбиеленіп, өскеніңіз үшін күн сайын алғыс айтып отыруы керек пе? Аңдамай айтылған сөз осы секілді көңілге күдік ұялатар ойлар туғызуы мүмкін.

«Өз балаларымды өзгеше тәрбиелеймін»
Бала сіздікі болса, ол кісінің немересі. Ол бала екеуіңізге де, ешкімге де тәуелді емес, өз алдына дербес тұлға. Өмірге мен арқылы келді екен деп балаларыңызды әжесінен бөліп алып, иемденудің еш қажеті жоқ. Иә, қазір үлкендердің ақылынсыз-ақ барлығын интернеттен оқып, білуге болады. Ол жерде жазылған кеңестердің көбісі, тіпті медицинаның өзі әжелеріміз айтқан ақылға қайшы келіп жатады. Мұндайда оның кеңесі ескерген екенін ашып айтудың қажеті жоқ. Тағы да жолдасыңыз – үнсіздік.

«Балаңыздың қандай екенін білмейсіз ғой»
Кез келген отағасы өзін әйелінің жанында сәл басқарақ ұстауы мүмкін. Ешкімге көрсетпеген мінезін сізге көрсететін шығар. Алайда мұны енеңіздің бетіне басып, сіздің тәрбиеңіз деп жоқ жерден жазғырудың қажеті шамалы. Бұл сөзбен бәрібір ештеңе өзгерте алмайсыз әрі енеңіздің санасында өз баласы туралы жаман ой қалыптастыра алмайсыз. Одан сізге пайда да жоқ. Түптің түбінде сізді бұл адамға енеңіз не өзге адам қинап қоспаған шығар. Өзіңіз таңдап қосылғаннан кейін бәріне де көнесіз.

Оның ұлына айтылған кез келген сын
Тентек, тынымсыз балаңыз туралы біреу жағымсыз бірдеңе айтса, өзіңіз де шамданып қаласыз ғой. Сол секілді әр балаға өз анасы алтын, әр ана қарғасын аппағым дейді. Байқасаңыз, осыған дейін айтылған сөздердің барлығында енеңіздің баласын, яғни өз жарыңызды жамандағандай болып отырсыз. Ал басыңызға қандай күн туса да, ақ некелі жарыңызды жамандауға қақыңыз жоқ, не десеңіз де түптің түбінде сізге өз жарыңыздан жақын адам табылмайды.

Ақпарат дереккөзі:  massaget.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.