Кейде күні бойы қуатты болып жүру қиынға соғып, түстен соң ұйқы қыса бастайды. Барлық адамда бірдей жұмыс күнінің ортасында аздап ұйықтап алуға мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан ұйқышылдықтан арылуға және кешке дейін сергек жүруге көмектесетін әдістерді ұсынамыз.
Үйлестірілген түскі ас ішіңіз
Егер түскі ас уақытында жылдам көмірсуларды (фастфуд немесе тәтті тағам) көп жесеңіз, қанда қант деңгейінің бірден өзгеруі орын алады. Ал ол энергияның жоғалуына және тамақтан кейін көп ұзамай ұйқыңыздың келуіне себеп болады. Сондықтан күндізгі тамағыңыздың неден тұратынын мұқият бақылау қажет.
Мамандар түскі асқа алақанмен тең келетін ақуыз (ет, балық, жұмыртқа) үлесін, сондай мөлшерде күрделі көмірсулар (макарон, тұтас дәнді нан, үрмебұршақ, жасымық) және екі порция түрлі түсті жемістер немесе көкөністер жеуді ұсынады. Сондай-ақ аздап пайдалы майлар қосуға болады: зәйтүн майы, авокадо, жаңғақтар және т.б. Мұндай түскі ас бірден тойдырады және кешке дейін қуатты жүруге көмектеседі.
Жаттығу жасаңыз
Күндізгі физикалық белсенділік ұйқышылдықтан жылдам арылтады. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, сіз жаттыққан кезде дене бұлшықеттерде көбірек митохондрияларды бөледі. Олар өз кезегінде глюкозаны аденозинтрифосфатқа (АТФ) айналдырады, ал ол — энергия мөлшерін арттыратын ағзадағы отын көзі. Екіншіден, физикалық жаттығулар қандағы оттегі айналымын жақсартады. Ол өзімізді сергек әрі бақытты сезінуге көмектесетін гормондар — эндорфиндердің шығуын қамтамасыз етеді.
Бастысы — шамадан тыс тырыспау. Мысалы, жылдам жүріспен серуендеу, 15 минут белсенді йога жасау немесе аздап күштік жаттығуларды орындау жеткілікті.
Босаңсу техникаларын меңгеріңіз
Созылмалы күйзеліс бізді энергиядан айырады және күндізгі ұйқышылдықты тудыруы мүмкін. Сондықтан сергек жүру үшін дене тырысуын түсіруге көмектесетін әдістерді меңгеру маңызды. Ол тыныс алу жаттығулары, медитация, ароматерапия болуы мүмкін немесе жұмыста аздап үзіліс жасап, сүйікті хоббимен айналысуға болады.
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz