Соңғы кездері қоғамда құмар ойынға тыйым салу тақырыбы жиі қозғалып жүр. Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген онлайн казино мен букмекерлерге қарсы петиция құрса, кинопродюсер Нұртас Адамбай елді қол қоюға шақырды. Өзі де бір кездері букмекер кеңсесін жарнамалағанын мойындап, бұл ісі үшін өкінетінін айтты. Ал бір кездері казинода «200 мың доллар ұтылдым» деген Бағлан Әбдірайымов құмар ойыннан құтылу үшін бір ғана заңның жетпейтінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған Zhambylnews.kz.
«Кеше бір жігіт “Ардың түрмесінде отырғанша, заңның түрмесінде отырайын” деп лото клубты өртеп жіберді. Адам шошырлық сорақы тағдырлар көп. Қандай жігіттерді жұтып қойды. Замандастарымызбен ақылдаса, елімізден осы аты өшкір ойын орталықтарын жабуға қол жинаймыз дедік. Оқырман қолдады, қуанды. Өте дұрыс!» – дейді әнші.
Әбдірайымовтың айтуынша, букмекерлік кеңселер мен казинолар жабылған күннің өзінде, ғаламторда түрлі ойынның «қармағына» түсуге болады. Сондықтан да бір ғана заң адамдарды бұл «кеселден» айықтырмайды.
«Казино, букмекерлік орталық т.б. жабылсын. Тек ол ғана емес қой. Интернет ойындарға қалай тұсау салуға болады? Эфирден көрсетіп жүрген жарнама ше? Қолдағы телефонмен талай адам былыққа батқаны ше? Мен білмейтін түрі қанша? Мақұл, бәрі жабылсын! Жоқ боп кетсін.
Ал карта ойыны ше? Ази, белка дегенде ойын бар ғой. Нарды ойнау азарт емес пе? Оны қалай қойдыртасың? Ол жерде де бәске басын тігіп, айырылып қалғандар да жоқ емес. Сонда не болды? Шанс жоқ па? Шанс бар! Әркім өзінен бастау керек. Құмар тек құмар ойынмен шектелмейді. Адам өзі жақсыға да, жаманға да құмар. Өз таңдауы. Әйтпесе саудың асын ішіп, жындының қылығын жасай ма адам? Сол құрығыр ақша табу ғой басты мақсаты. Өзі де жақсы біледі. Соған барды. Соны жасап жүр. Сыздауықтың өзегін алғандай ғып әр адамның тамырына үңілсең өзіндік себебі бар. Сол өзекті түбімен қопарып, іріңнен жазылмайынша жоғарыдағы жазылған әңгіменің бәрі бекер! Өмірің өз қолыңда!» – деп көпшілікке ой салды өнер иесі.