Ыстықтан қалай қорғанамыз?

0 791

«Қазгидромет» мәліметіне сәйкес елдің басым аумағында жаңбыр тоқтап, қатты ыстық болады.
Елдің оңтүстік аумағында ауа температурасы +40+45°С дейін көтеріледі. Батыста +25, +35°С болса, солтүстікте +25, +33°С, орталықта +30, +37°С, шығыста +27, +37°С ыстық күтілуде. Осындай ыстықта дәрігерлер денсаулыққа күтіммен қарауға шақыруда. Дәрігерлердің кеңесі Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.
«Ыстық өтіп кеткенде дене температурасын реттеуге жауап беретін компенсаторлық функциялар бұзылады. Ыстық күндері майлы, тұзды тағамдарды жемеу керек», — деді №1 қалалық емхананың терапевт-дәрігері Алина Боргекова.

Маманның айтуынша, күн өткен кезде тыныс алу қиындап, дене қызуы көтеріледі және бас ауырады, сондай-ақ кейбір жағдайда адамдар естен тануы мүмкін. Ыстық күндері жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар өз денсаулығына күтіммен қарауы керек.

«Мұндай кезде тромбоз болуы ықтимал және қан қысымы құбылып тұрады. Қатты ыстық стенокардия дертін қоздыруы мүмкін. Сондықтан жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан адамдар жылдың осы уақытында денсаулығына күтіммен қарауы керек», — дейді № 4 қалалық емхананың кардиологы Жанат Сұңқарбекова.

Дәрігерлер негізгі терапия талаптарын ескеруді және қажет дәрі-дәрмекті өздерімен бірге алып жүруге кеңес берді.

«Күн қатты ыстық уақытта далада көп отырмау керек. Суды көбірек ішкен дұрыс болады. Бірақ кофеин мен қанты бар сусындарды алмаған абзал», — дейді Ж. Сұңқарбекова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.