2018 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде арнайы жәрдемақы енгізіледі. Осы орайда ҚР еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында атаулы жәрдемақы кімдерге берілетінін түсіндірді, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.
“Бүгінгі таңда Қазақстанда бұл жәрдемақылар төленіп отыр. 77 мың отбасыда мүмкіндгі шектелген сәбилер болса, сол кісілер 29 мың көлемінде алады. Енді біз айтып отырған жәрдемақы бойынша мүгедек бала 18 жасқа толғанша төленіп отыр. Ал Елбасының тапсырмасына сәйкес, сол балалар өссе, өзі І топтағы мүгедек, жүре алмайды, ата-анасының қамқорлығында, 18 жастан асса да, ата-аналарына берілетін жәрдемақыны жалғастыра береміз. 29 мың теңге көлемінде қалады. Әрі қарай өмір бойына төленеді”, — деді Светлана Жақыпова.
Ол арнайы жәрдемақының І топтағы мүгедек балаларға ғана қатысты екенін, қалған топтар саналмайтынын атап өтті.
Еске сала кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақы енгізуді тапсырды.
Дереккөз: baq.kz