2018 жылдан бастап Бурабайда дәстүрлі түрде жаз айларында әлемдегі талантты балалардың басын қосатын халықаралық фестиваль өтеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Министр Бурабайды балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға мүмкіндік беретін тамаша орын екенін айтады.
«Биыл министрлік бірнеше шараны ұйымдастырып отыр. Біріншісі, Қазақ ұлттық Өнер университеті ректорының бастамасымен Қатаркөл ауданында балаларға арналған шығармашылық лагері ашылады. Астананың жиырма жылдығына орай әлемнің түкпір-түкпіріндегі таланттардың басын қосатын «Festival Burabay Summer» атты балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық фестивалін өткіземіз. Бурабай да балалар фестивалін өткізетін еліміздегі алғашқы орталық болуы тиіс», — деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Оның айтуынша бұл фестиваль әлемдік аудиторияға жол ашатын, Бурабайда дәстүрлі түрде өтетін айтулы оқиға болмақ.
Дереккөз: baq.kz